Сот мәліметінше, айыпталушы 2025 жылдың сәуірінде белгісіз ер адаммен ерікті түрде жыныстық қатынасқа түсіп, жүкті болған. Алайда ол жүктілігін туыстарынан жасырып, медициналық есепке тұрмаған және тиісті тексерулерден өтпеген.
2025 жылдың желтоқсанында ол Сайрам ауданындағы үйінде толғағы келіп, әжетханада тоғыз айлық жетілген баланы дүниеге әкелген. Әйел нәрестені әжетхана шұңқырына тастап, оның өмірін сақтап қалуға ешқандай әрекет жасамаған.
Бұдан кейін әйел нәрестенің көрініп қалмауы үшін ауласындағы күрекпен тас пен топырақ аралас құмды алып, шұңқырдағы сәбидің үстіне тастаған. Осылайша ол жаңа туған баласының өліміне себепкер болған.
Сотта әйел өзіне тағылған айыпты толық мойындады. Прокурор оған 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.
— Сот үкімімен Д. Қылмыстық кодекстің 100-бабымен кінәлі деп танылып, оған 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, — делінген облыстық соттың хабарламасында.
Үкім 2026 жылғы 4 маусымда заңды күшіне енді.
Бұған дейін Түркістан облысында 15 жастағы қызды зорлаған зейнеткер сотталғанын жазған едік.