Түркістан облысында жаппай сенбілік өтіп, ағаш көшеттері отырғызылды

Фото: Түркістан облысының әкімдігі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – «Наурыз – салт-дәстүрдің жаңғыруы» іс-шара жоспарына сәйкес өңірде жаппай сенбілік өтті.

«Наурыз – тазалық айнасы» жобасы аясында өткен тазалық жұмыстарына тұрғындар мен мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері қатысты.

Мәселен, Жетісай ауданындағы сенбілікке 16 техника мен 1 200-ге жуық тұрғын жұмылдырылды. Нәтижесінде 70 тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды. Саябақтар мен аллеяларға, көше бойларына, әлеуметтік нысандардың аумағына демеушілер есебінен 10 000 жуық түрлі ағаш көшеттері отырғызылды.

Ал, арыстықтар көшелерді тазалап, шөп шауып, ағаштарды сырлап шықты. Сенбілікке саурандықтарда белсенді қатысты. Аудан аумағына 20 мыңға жуық көшет отырғызылды. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров бас болып, тазалық жұмыстарын жүргізді.

Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Кентаулықтар қала аумағына 500 түп шырша мен қаратал отырғызды. Қаланың көркеюіне бастайтын берекелі бастамаға Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов бастаған қаланың зиялы қауым өкілдері де қатысты. Қала көшелерімен арық-атыздар қоқыстардан тазартылып, ағаштар әктелді. Аллеялардағы орындықтар мен қоқыс жәшіктері боялды. 

Мерекелік шараға 600-ге жуық қала тұрғыны атсалысып, 11 техника жұмылдырылды. Жалпы 80 тоннадан астам қоқыс полигонға шығарылды.

Сенбілік облыс аумағындағы өзге де аудан, қалаларда жалғасты.