Биыл Түркістан өңірінде «Жастар практикасы» жобасына 4 514 адам жолданған. Аталған жоба бойынша жалақы мөлшері 30 АЕК-ті (110 760 тг) құрайды. Ал, қаржыландыру мемлекеттік бюджет есебінен жүргізіледі. Сондай-ақ жұмыс беруші бос жұмыс орны пайда болған жағдайда «Жастар практикасына» қатысушының келісімімен оны тұрақты жұмысқа ала алады.
Жетісай ауданының тұрғыны Жанар Сағынтаева Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан техникалық университетіне оқуға түсіп, қолына диплом алған болатын. Ол еңбек жолын «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында өзі білім алған мектептен бастады. Кейіннен бірнеше қызметке ауысты. Ал, қазіргі таңда Жанар Қайратқызы Жетісай аудандық «Тілдерді дамыту орталығында» басшының орынбасары қызметінде жемісті еңбек етуде.
Ал, Алтынай Жұмаділқызы бүгінгі таңда Төлеби ауданы бойынша кірістер басқармасында «Жастар практикасы» бағдарламасымен жұмысқа жолдама алған болатын. Ұжымдастарынан білмегінін үйреніп, тәжірибие жинап жатқанына риза болып, жас маман «Мансап» орталығына алғыс білдірді.
Әсел Қайратқызы Бәйдібек аудандық «Мансап» орталығына жүгініп, «Зейін» мектебіне жастар практикасы бағдарламасы шеңберінде жолданған.
«Мен «Жастар тәжірибесі» жобасы бойынша жұмыс істеп жатқаныма қуаныштымын. Практикадан кейін осы мектепке тұрақты жұмысқа тұруды жоспарлап отырмын», - дейді Әсел.
«Жастар практикасы» бағдарламасының талаптарына тоқталсақ, «Жастар практикасына» қатысушының жасы 35-тен аспауы тиіс. Сондай-ақ жұмыссыз ретінде тіркелуі керек. Сонымен қатар техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) ЖОО кейінгі бағдарламалар бойынша оқу бітіргеніне 5 жыл толмауы, меңгерген кәсіп (мамандық) бойынша жұмыс тәжірибесі болмағаны жөн.
Айта кетейік, биыл облыс бойынша «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 118,9 мың жұмыс орындарын ашу жоспарланып, 47,6 мың жастарды жұмыспен қамту көзделуде. Сондай-ақ 2024 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдаймен нақты 78,8 мың жұмыс орындары ашылып, оның ішінде 40,7 мың жас жұмыспен қамтылды. Оның ішінде «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында нақты 27 614 жас жұмыспен қамту шараларына жіберіліп, жалпы 10 829 адам тұрақты, ал қалған 11 752 адам уақытша жұмыс орындарына жолданды.