Түркістан облысында жатыр мойнының обырымен сырқаттанушы әйелдер көбейген

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Күзден бастап елімізде 11 жасар қыз балаларға «Адам папилломасы» вирусына қарсы екпе салынады. Бұл туралы Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Салтанат Жабағиева мәлімдеді.

Фото: freepik.com

Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, 2022 жылы жатыр мойнының обыры бойынша өңірде 127 жағдай тіркеліп, оның 49-ы өліммен аяқталған. Ал, өткен жылы 142 әйел осы сырқатқа шалдыққан. Салдарынан 48-і қайтыс болды. Аталған дерттің алдын алу мақсатында алдағы күзден бастап 11 жастағы қыздарға екпе салынатын болады. «Адам папилломасы» вирусына қарсы вакцинация мектептерде немесе тіркелген мекен-жайы бойынша емханаларда тегін егіледі. Сала мамандарының сөзіне сүйенсек, 2030 жылға қарай 15 жасқа дейінгі барлық қыздардың 90 пайызын екпемен қамту жоспарланып отыр.

«Жатыр мойны обыры — барлық жастағы әйелдер арасында сүт безінің обырынан кейінгі кең таралған сырқаттың түрі. Жатыр мойны обырының дамуына әйелдің «Адам папилломасы» вирусы инфекциясын жұқтыруы себеп болатыны ғылыми дәлелденген. Вирус жұқтырудың және оның дамуының алдын алудың жалғыз жолы — екпе салдыру. Екпе мектептерде немесе тіркелген мекен жай бойынша емханаларда тегін егіледі. Айта кетерлігі, қыз балаларды вакцинациялау — ата-аналарының келісімімен ғана жүргізіледі», — деді Салтанат Жабағиева.