Қаңтар айында өңірде 34 481 адам жедел респираторлы вирусты инфекция жұқтырған. Бұл көрсеткішті өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ 1,6 есеге өскенін көреміз. Аталған инфекция әсіресе 14 жасқа дейінгі балалар арасында 1,7 есеге артқан. Ал, тұмау жұқтырушылардың саны едәуір төмендеген. Сондай-ақ, жыл басынан бері Түркістан облысында 3 адамнан «COVID-19» вирусы анықталып отыр. Науқастанушылардың барлығы коронавирусқа қарсы екпе алмаған ересектер.
«Республика бойынша бүгіндері қызылша, көкжөтел аурулары және басқада вакцинамен басқарылатын кейбір инфекциялардан тұрақсыз эпидемиологиялық жағдай қалыптасып отыр. Түркістан облысы бойынша қызылшадан эпидемиологиялық ахуалды тұрақсыз деп сипаттауға болады. Алыс және жақын шет елдердегі эпидемиологиялық жағдайларды ескерсек, ЖРВИ/тұмау, коронавирустық инфекция бойынша да қауіптілік сейілген жоқ» - деді Бахтыораз Елемесов.
Өңірге жергілікті бюджет қаржысы есебінен тұмауға қарсы «Гриппол » вакцинасының 248 691 дозасы жеткізілген. Ал, тұмауға қарсы егілген тұрғындар саны 12,2 пайызды құрап отыр.
«Халық көп жиналатын жерлерде, көліктің барлық түрлерінде медициналық немесе матадан тігілген маскаларды пайдалануды ұсынамын. Сонымен қатар, медициналық ұйымдардағы персоналдар мен келушілер медициналық маскаларды пайдаланып, антисептиктердің болуын қамтамасыз етуі керек» - деді Бахтыораз Елемесов.