Түркістан облысында пара алған екі шенеунік сотталды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Сайрам ауданында әкім орынбасары мен бөлім басшысына қатысты жаза белгіленді.

Фото: Freepik

Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаев пен аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Амангелді Жүнісбековке қатысты қылмыстық істі Түркістан қаласының ауданаралық соты қарады. Іс сотқа келісімдік іс жүргізу тәртібімен түскен.

Қос шенеунікке адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен пара алу және пара беруге оқталу бойынша айып тағылған.

Сот мәліметінше, Шухратулла Убайдуллаев 650 мың теңге пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, оған 22 млн 750 мың теңге айыппұл тағайындалды. Бұған қоса, пара ретінде берген 3 млн теңгесі үшін оған 56 млн 250 мың теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар ол мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Ал Амангелді Жүнісбековке 2 млн 131 мың 550 теңге пара алғаны үшін 74 млн 604 мың 250 теңге айыппұл белгіленді. Бұдан бөлек, пара ретінде берген 3 млн теңге үшін оған 56 млн 250 мың теңге айыппұл тағайындалды. Ол да мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

— Сотталушылар прокуратурамен кінәні мойындау туралы процестік келісім жасаған. Сот олардың шын ниетпен өкінуі мен жас балаларының болуын жеңілдететін, ал кәсіби антты бұза отырып қылмыс жасауын ауырлататын мән-жай ретінде таныды, — делінген сот хабарламасында.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Бұған дейін Қызылорда облысында сот төрағасы мен судьяның 9 жылға сотталғанын хабарлаған едік.