Түркістан облысында жыл басынан бері 139 өрт оқиғасы тіркелді

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Облыста өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 116 тұлғаға 7 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Фото: ТЖМ

Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Асқар Сейсеновтың айтуынша, биыл жазда өңірде ауа райы әдеттегіден ыстық болады деп болжанып отыр.

— Қазгидромет мәліметіне сәйкес, маусым мен қазан айлары аралығында облыстың басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1-2 градусқа жоғары болады. Ал шілде мен тамыз айларында ауа температурасы тұрақты түрде 40 градустан жоғары сақталады деген болжам бар. Бұл өрт пен жану оқиғаларының қаупін арттырады, — деді ол баспасөз мәслихатында.

Спикердің сөзінше, департамент теңгерімінде жалпы 244 техника бар. Орман және дала өрттерін сөндіруге 340 маман мен 70 техника әзірленген. Сондай-ақ 1 тікұшақ пен 6 ұшқышсыз ұшу аппараты пайдалануға әзір.

— Құрамның әзірлігін тексеру мақсатында 28-29 мамыр күндері Бәйдібек ауданында республикалық «Өрт-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. Жалпы жыл басынан бері облыс аумағында 139 өрт оқиғасы тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 186 болған. Орман қорында 1 өрт, ал далалық алқаптарда 2 өрт дерегі анықталды, — деді Асқар Сейсенов.

Департаменттің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мейрамхан Кемелханов дала өрттерінің алдын алу және оларды сөндіру жұмыстарына қажетті қаржы бөлінгенін айтты.

— Бұл мақсатта қалалық және аудандық әкімдіктер тарапынан жалпы 83,7 млн теңге бөлінді. Облыстағы 478 елдімекеннің айналасы минералды жолақтармен қоршалып, құрғақ шөптерден тазартылды. Жалпы ұзындығы 9602 шақырымнан асатын минералды жолақ жүргізілді. Өрт қауіпті кезеңде бақылауды күшейту үшін 14 мобильді топ құрылды. Рейдтік іс-шаралар нәтижесінде 116 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 7 млн 266 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ авиациялық техника арқылы су алу үшін 10 арнайы су айдыны белгіленді, — деді спикер.

Айта кетейік, өңірде департаментке қарасты 42 өрт сөндіру бөлімшесі жұмыс істейді. Сонымен қатар соңғы екі жылда елдімекендердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында 10 ауылдық өрт сөндіру пункті ашылған. Онда 62 қызметкер еңбек етіп, 10 өрт сөндіру автокөлігі кезекшілік атқарады.

Бұдан бұрын Түркістандағы орталық базарда өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмай отырғанын жазған едік.