Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері жергілікті полициямен, көлік инспекциясымен және балық шаруашылығы инспекцияларымен бірлесіп, судағы қауіпсіздік бойынша халыққа түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіп келеді. Сондай-ақ, білім беру ұйымдарында оқушыларға интерактивті сабақ та өткізген.
Дегенмен, өңірде жыл басынан бері 14 адам суға кеткен, оның 10-ы балалар. Оның ішінде 2-8 жас аралығындағы 8 жеткіншек бар.
Мәжілісте облыс әкімі жауапты мекемелер мен аудан, қала әкімдеріне тұрғындардың, әсіресе, балалардың қауіпсіздігін сақтау бағытындағы жұмыстарды жандандыру жөнінде тапсырма берді.
«Шомылу маусымы ашылып жатыр. Төтенше жағдай департаменті, аудан, қала әкімдіктеріндегі жауапты бөлімдер қырағылықты күшейтуі тиіс. Тұрғындар арасында суға шомылу ережелерін сақтау, қауіпті аймақтарға шомылмау жөнінде түсіндіру және ақпараттық жұмыстар жүргізілсін. Барлық аудан, қаладағы жұртшылық шомылатын орындардың картасын әзірлеп, сол аймақтарда қауіпсіздікті күшейту керек. Су нысандарын қоршау, балаларға арналған каркасты бассейндермен, коммуналды шомылу жағажайларымен қамту жұмыстары жандансын», – деді Дархан Сатыбалды.
Бүгінде Түркістан облысында жалпы 4334 су нысаны бар. Олардың 42-сі су қоймасы болса, 149 ірі және кіші өзендер. Ал, 25-і көл, 2870-і канал және 1248-і қашыртқы.
Бүгінде суға шомылу үшін дайындалған 27 орын бар.