Түркістан облысында жыл басынан бері 14 қызды алып қашып кеткен

Фото: Фото: Kazinform

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Оңтүстік өңірде қыз алып қашуды қалыпты жағдай санайтындар көп. Жыл басынан бері Түркістан облысында 14 жігіт қыз ұрлаған. 

Түркістан облысының полиция департаментінде өткен жылдың 8 айында қыз алып қашу дерегімен 16 іс тіркелген. Ал, биыл бұл бағытта 14 оқиға болды.

Департаменттің баспасөз хатшысы Гүлнар Абдужаппарованың айтуынша, жәбірленушілердің кешірім беруінен немесе екі тарап татуласып, отбасы құруына байланысты тіркелген істің бәрі қысқарып кеткен.

Елді елең еткізген қыз алып қашу оқиғасының бірі өткен жылы Шымкентте тіркелді. Еңгезердей жігіттің бойжеткенді көтеріп алып, көліктің ішіне салған сәті көшедегі камералардың біріне түсіп қалған. Содан соң белгісіз бағытқа қарай жүріп кеткен. 

Кейін аталған видео әлеуметтік желіде жарияланды. Полиция автокөлікті жарты тәулік ішінде Алматы-Самара тасжолындағы Жалағаш ауылының маңында ұстады. Тергеу аяқталған соң Жаңаөзен қаласынан үйлену мақсатында келген жігіт 4 жылға сотталды. 

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалима Жантөреева үйленудің екі түрі бар деп есептейді. Біріншісі — екі жақтың келісімі арқылы жас жұбайлардың отау құруы, екіншісі — жабайылықпен мәжбүрлеп әкелу.

«Жалпы қыз алып қашуды салт-дәстүр деп қабылдайтындар көп. Бірақтан бүгінгі күні бұл қылмыс қой. Егер қыз жақтың ата-анасы келісім беріп, жастар өзара тіл табысып, олардың үйленуіне ешкім қарсы болмаса, қызды алып кетуіне болады. Бұл алып қашу емес. Оны көпшілікке айтып жеткізген кезде де „алып қашып кетіпті“ деп емес, „үйленіпті“, „отау құрыпты“ деп айту керек. Ал, алып қашу деген — дөрекілік. Қызды сыйламау. Ешқашан көрмеген, білмеген адамыңды қойша көтеріп, көлікке салып әкету — надандық. Бұл отбасылар түбінде тіл табыса алмайды деп ойлаймын», — дейді Қалима Жантөреева. 

Жасыратыны жоқ, бүгінде қыздардың өмірінде көрмеген адамға жар болып жатқан оқиғалар да бар. 

«Бұл өте ауыр жағдай. Қыздарымызды құрметтеуіміз керек. Әсіресе, ер азаматтар қыздың пікірімен санасуға тиіс. Алып қашқан қызды алып қалу үшін алдына жатып алатын апалардың да бар екенін естіп жүрміз. Бұл — жас қызға әлімжеттік көрсету. Сондықтан әрбір қыз ұрлаушы заң аясында қатаң жазалануға тиіс», — дейді депутат.

Ал, полиция қызметкерлері қыз алып қашудың жазасы ауыр болатынын жеткізді. 

«Қылмыстық кодекстің 125-бабында адам ұрлағандарға төрт жылдан жетi жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Ал осы кодекстің 126-бабы бойынша адамды оны ұрлауға байланысты емес бас бостандығынан заңсыз айырудың жазасы — үш жылға дейiн бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру», — дейді Гүлнар Абдужаппарова.

Жалпы соңғы кезде ел ішінде «Қылмыстық кодекске қыз алып қашқандарға бөлек жаза енгізу керек, үйлену үшін қалыңдық ұрлау мен адам ұрлығын бөлек қарау керек» деген пікір де айтылып жүр. Бұл бойынша заңгердің ойын білдік.

«Шынын айтқанда, билік берсе бойдақтың барлығы қыз алып қашайын деп тұр. Олардың ішінде қыз баласының ертеңгі болашағын ойлап отырғандары аз. Сорына да қалуы мүмкін. Өзге үйдің табалдырығын аттап қойған соң кей қыздар „ұяттан“ немесе „елдің әңгімесінен кейін“ үйіне кетіп қала алмайды. Болашағын сол жігіттің жолына арнайды. Ал, біз өркениетті елге айналып келеміз. Сондықтан қыз алып қашудың жазасын жеңілдету деген пікірді қолдамаймын. Себебі, бұл да — адам ұрлығы. Қайта қыз алып қашушыларға жазаны ауырлату қажет», — дейді заңгер Асқар Ерінбетов.

Айта кетейік, бұдан алдын Таразда қыз алып қашпақ болған жігіттердің сотталғанын жазған болатынбыз.