Түркістан облысында жылдың алғашқы үш айында 7700-ден астам азамат көші-қон заңын бұзған

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Облыста шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдалануға қатысты 100-ден астам дерек тіркелді.

Фото: Polisia.kz

Биыл алғашқы үш айда Түркістан облысында 7 584 шетелдік уақытша тұру құжатын рәсімдеген. Сондай-ақ 166 шетелдікке Қазақстан Республикасының визасы берілген.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған кезеңде өңірде көші-қон заңнамасын бұзған 7 749 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

— Олардың ішінде 1048 шетелдік елде болу тәртібін бұзған. Сонымен қатар 467 қабылдаушы тарап шетелдіктердің болу талаптарын сақтамаған, — делінген ресми мәліметте.

Бұдан бөлек, шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдалану бойынша 102 дерек тіркелді. Сот шешімімен 579 шетелдік ел аумағынан шығарылды.

Бұған дейін Қазақстан көші-қон саясатын жаңартып, елге жоғары білікті мамандар мен инвесторларды тартуға басымдық беріп отырғанын жазған едік.