Түркістан облысында жол ережесін бұзған той кортежінің жүргізушілері жазаланды

АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында полицейлер Түркістан облысы Төле би ауданының аумағында үйлену тойы кортежіне қатысушылардың жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғанын анықтады.

Фото: Polisia.kz

Полиция қызметкерлері жүргізген жедел іс-шаралардың нәтижесінде заң бұзған жүргізушілер анықталды. Сегіз көлік құралы мамандандырылған айыптұраққа қойылды.

— Құқық бұзушыларға қатысты көлік құралдарын пайдалану қағидаларын және маневр жасау ережелерін бұзу, арнайы жарық және дыбыс сигналдарын заңсыз пайдалану, сондай-ақ авариялық жағдай туғызу фактілері бойынша әкімшілік шаралар қабылданды, — делінген хабарламада.

Полиция жол қозғалысына қатысушыларды белгіленген заң талаптарын қатаң сақтап, өзге азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретін әрекеттерге жол бермеуге үндеді.

Еске салайық, бұған дейін Абай облысында жол ережесін өрескел бұзған той кортежі жауапқа тартылғанын хабарлаған едік.