Түркістан облысында жолдың бүлінуіне жүк көліктері себеп болған

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Республикалық маңызы бар жолдардың сапасына жүктемесі ауыр техникалар елеулі әсер етіп жатыр.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Түркістан облысында жыл басынан бері 520 шаршы метр жол төсемі ауыр жүк көліктерінің салдарынан бүлінген. Бұл туралы «Ұлттық сапа орталығының» Түркістан облыстық филиалы хабарлады.

Орталықтың инженері Нұржан Әшірматтың мәліметінше, ақаулардың көпшілігі Шымкент қаласының солтүстік айналма жолы бойынан анықталған. Атап айтқанда, жолдың алғашқы 7 шақырымында жолақ сызықтары тозып, мүлде көрінбей қалған. Сондай-ақ 2260-2270 шақырым аралығында да осындай жағдай қайталанған. Аталған трассадағы 120 шаршы метр бетонның қорғаныс қабаты бұзылған.

– Бұл – тек биыл тіркелген деректердің бір бөлігі ғана. Ауыр жүк көліктері, әсіресе, карьерлерден құм-қиыршық тас тасыған машиналар жол төсемінің мерзімінен бұрын тозуына себеп болып отыр, – дейді Нұржан Әшірмат.

Мамандардың айтуынша, жолдың ұзақ сақталуы үшін техникалық талаптар қатаң сақталуы қажет. Алайда белгіленген салмақ нормаларын ескермейтін көлік жүргізушілері жол инфрақұрылымына үлкен залал келтіріп жатыр.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында жуырда жөнделген тас жолдың қайтадан жарамсыз күйге түскенін жазған болатынбыз.