Облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Ғалымжан Тапеевтың айтуынша, өткен жылы өңірде аудит жүргізілген қаражат көлемі 637,8 млрд теңге болған. Тексеру нәтижесінде 297,2 млрд теңге көлеміндегі заң бұзушылық анықталды.
— Оның ішінде 55,2 млрд теңге бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін тиімсіз жоспарлау және пайдалануға тиесілі болса, 242 млрд теңгесі — қаржылық тәртіптің бұзылуы. Сонымен қатар, 1 095 рәсімдік тәртіп бұзушылық тіркелді. Қалпына келтіруге жататын қаржылық тәртіп бұзудың жалпы көлемі 241,6 млрд теңгені құрап, оның 27,5%-ы қалпына келтірілді. Сонымен қатар 331,7 млн теңге көлеміндегі қаржының 199 млн теңгесі, яғни 60%-ы өтелді, — деді ол.
Комиссия төрағасының мәлімдеуінше, құқық қорғау органдарына процестік шешім қабылдау үшін 8 материал жолданған.
— Сонымен қатар, 252 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Әкімшілік жауапкершілікке тарту мақсатында 255 материал жолданып, 183 материал бойынша 64,6 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, — деді ол.
Бұдан бұрын Түркістан облысында 1,1 млрд теңгеден астам қаражат бизнеске қайтарылғанын жазған едік.