Түркістан облысындағы археологиялық ескерткіштер мақта алқабының астында бүлініп жатыр — археолог

Фото: Серік Ақылбектің фейсбук парақшасынан алынды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Өңірдегі ондаған көне ескерткіш жойылудың алдында тұр. 

Өңірдегі археологтар қытайлық «Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd» компаниясының қатысуымен іске асып жатқан мақта шаруашылығына қатысты инвестициялық жоба аясында ондаған тарихи-мәдени ескерткіш жойылып жатыр деп дабыл қағып отыр.

«Archeo-service» ЖШС атқарушы директоры, Түркістан облыстық тарихи және мәдениет ескерткіштерін қорғау комиссиясының мүшесі Серік Ақылбектің айтуынша, бұл жағдай аймақ тарихы мен мәдениетін орны толмас шығынға ұшыратқан.

Фото: Серік Ақылбектің фейсбук парақшасынан алынды

— Мемлекеттік тізімге енген және анықталған, яғни тізімдегілермен тең дәрежеде қорғалатын бірқатар нысан заң талаптары сақталмағандықтан зақымданды. Кейбір ескерткіштер толық жойылды, — деді ол.

Фото: Серік Ақылбектің фейсбук парақшасынан алынды

Археологтың сөзіне сүйенсек, 22–30 қазан аралығында жүргізілген сараптама барысында аймақтан 20 тарихи, мәдени нысан анықталған. Олардың барлығы археологиялық ескерткіштер санатына жатады. Сараптама қорытындысы мақта өндірісі үшін игерілген аумақтарда ескерткіштердің бастапқы қалпы бұзылғанын, кейбірінің жойылу алдында тұрғанын көрсеткен. Толықтай көмілген және жойылған нысандар қатарында төрт көне су арнасы — Ақынжақып, 1-ші, 2-ші және 3-ші Шұбара бар. Тостаған арнасы жартылай бүлінген. Бір қоныс толығымен жойылған. Сондай-ақ Тостаған қорымындағы обалардың жартысына жуығы жоғалып, мемлекеттік тізімге енген Қотан ескерткішінің 12 қорғанының 11-і бүлінген.

Фото: Серік Ақылбектің фейсбук парақшасынан алынды

Облыс әкімдігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстардың қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті.

— Түркістан облысында 2 мыңға жуық тарихи-мәдени ескерткіштер бар. Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңына сәйкес, тарихи, археологиялық немесе мәдени құндылығы бар аумақтарда кез келген құрылыс, жер қазу немесе шаруашылық қызметін бастамас бұрын уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу және сараптама жүргізу міндетті. Бұл талаптарды әкімдік толықтай түсініп, қатаң сақтап келеді.

Қазіргі уақытта археологтардан тек бір ауданға қатысты ресми өтініш түскен. Бұған байланысты әкімдік тиісті уәкілетті органдарға, құқық қорғау органдарына ресми хат жолдады. Сонымен қатар, Мәдениет министрлігінің ресми қорытындысы алынуы тиіс, бұл — заң талабы.

Егер көрсетілген аумақтарда тарихи-мәдени мұра объектілерінің бары ғылыми тұрғыда дәлелденсе, онда аталған жерлердегі жұмыс дереу тоқтатылып, нысандар Қазақстан заңнамасына сәйкес қорғауға алынады, — делінген Түркістан облысы әкімдігі ұсынған ақпаратта.

Фото: Серік Ақылбектің фейсбук парақшасынан алынды

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында белгісіз адамдар әскери нысанға басып кірмек болғанын жазған болатынбыз.