Түркістан облысындағы асфальт-бетон зауыттарының басым бөлігі талапқа сай емес

Фото: Фото: Дарья Аверченко/ Kazinform

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Мониторинг жұмыстары жалғасып жатыр.

Ұлттық сапа орталығы аймақтағы 30-ға жуық асфальт-бетон зауытының жұмысын тексерді. Нәтижесінде бесеуі мүлде істемей тұрғаны анықталды. Ал, 24-нің құжаттары түгел емес. Асфальт пен бетон өндірісіне қажетті материалдарға кіріс бақылау жүргізілмеген. Сапасы тексерілмеген. Тіпті, тексеретін зертханалары да жоқ.

- Мердігер мекеме каръерден алған қиыршық тас пен құмды сынақтан өткізуі тиіс. Техникалық қадағалаушылар оны жолға төсер алдында қайта тексеруі шарт. Осы бақылау тізбегі қатаң қолға алынғанда ғана жол-құрылыс материалдары сапалы болады, - деді «Жол активтері ұлттық сапа орталығы РМК» Түркістан облыстық филиалы сапа және мемлекеттік есеп бөлімінің басшысы Қайрат Шәкіров.

Спикердің айтуынша, асфальт-бетон дайындайтын зауыттардың жұмысы белгілі-бір тәртіпке негізделуі тиіс. Яғни, қоспа бекітілген рецептурамен шығарылады. Температурасы да белгілі-бір нормадан аспауы керек. Ал, асфальтты жолға төсеу барысындағы технологиялық процестердің сақталуы сапаға тікелей әсер етеді. Әзірге мұндай талапқа бір ғана зауыт жауап беріп, орталыққа тиісті құжаттарын ұсынған. Қалған зауыттарға мониторинг жүргізу жалғасып жатыр.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте жастар орталығының басшысы желідегі жазбаға лайк баспаған қызметкерлерді жазалағанын жазған болатынбыз.