Түркістан облысындағы Бөген су қоймасы 96,8 пайызға толды

Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Өңірдегі өзен-көлдерде су деңгейі қалыпты. Бұл туралы Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің аға инженері Жүсіп Ілясов мәлімдеді.

Өңірде орналасқан таулардағы қар қоры нормадан төмендеген. Жауын-шашынның түсуі мен өзендердегі су деңгейі де қалыпты. Ал, су қоймалардың толуы – 81 пайызды құрап отыр.

Сырдария өзеніне Өзбекстан аумағынан секундына 275 текше метрге жуық су келіп құйылуда.

Өңірдегі Шардара су қоймасы 91, Көксарай су реттегіші 50, Бөген су қоймасы 96,8, Қосқорған су қоймасы 96,3, Майдантал су қоймасы 92,94, Ырмақ өзен су қоймасы 92,39, Арыстанды су қоймасы 88, Торлан су қоймасы 99 пайызға толып тұр. 

«Тасқын суды қабылдауға бос қор бар. Өзен бойындағы елді мекендерге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Жол картасы аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 4 аудандағы 20 елді мекенінде су тасқыны қаупі сейілді. Сонымен қатар, көктемгі су тасқынының алдын алу үшін барлық аудан-қалаларда қажетті жұмыстар жүргізілді. Су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарына сәйкес, 125 мың дана қап, 8 мың тонна жанар-жағармай қоры мен 40 млн. теңге көлеміндегі азық-түлікке мемормандум жасалды. Сондай-ақ, азаматтық қорғау органдарынан 1064 жеке құрам мен 269 техника әзірленді», - деді Жүсіп Ілясов.