Түркістан облысындағы қоқыс полигондарының 70 пайызы санитарлық-экологиялық талаптарға сай емес

Фото: Фото: Jibek Joly

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Көпшілігі қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген.

Түркістан облысы аумағында тұрмыстық қалдықтарды төгетін 128 полигон бар. Оның 38-і аудандық деңгейде, 41-і ауылдық округтерде орналасқан. Қалған 49 полигон сенімгерлік басқаруға берілген.

Жүргізілген талдау нәтижесінде полигондардың 70 пайыздан астамы санитарлық-экологиялық талаптарға сай келмейтіні анықталған. Олардың басым бөлігі электр энергиясымен, сумен, арнайы қоқыс көмуге арналған шұңқырлармен, қоршаулармен және өзге де қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген.

Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкестендіру мақсатында «Түркістан облысы аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды төгетін полигон орындарын оңтайландыру және талаптарға сәйкестендіру жоспары» бекітілген. Қазіргі таңда осы жоспар аясында полигондарды кезең-кезеңімен ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

– 2020–2023 жылдары аудандық бюджет есебінен 16 жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Былтыр облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, Созақ ауданындағы Қаратау, Қарақұр және Жуантөбе ауылдық округтерінде қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондардың құрылысы жүргізілді. Сонымен қатар, полигондарды оңтайландыру мақсатында Түлкібас ауданында 8, ал Отырар ауданында 16 полигон жабылып, олардың жерлері мемлекеттік жер қорына өткізілді, – делінген Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында қоқыс жинаудан жарыс өткенін жазған болатынбыз.