Түркістан облысындағы колледждерге бөтен адам кіре алмайтын болды
Түркістан облысындағы колледждерге «FACE ID» ақпараттық жүйесін орнатылды, деп хабарлайды Kazinform.
Жаңа жүйеге колледждің студенттері мен мұғалімдерінің, техникалық қызметкерлерінің электронды суреті мен аты-жөндері енгізілген.
Құрылғының бейнекамерасына қараған кезде базаға тіркелген адамдарға турникеттер автоматты түрде ашылады. Ал, сырттан келген бөтен адамдарға арнайы қызыл белгі көрсетіледі. Бұл бастама ең алдымен колледждерге бөтен адамдардың кірмеуін қадағалайды. Сондай-ақ студенттердің сабаққа уақтылы келуіне де бақылау жүргізуге болады.
«Студенттерге жүргізілетін мониторинг жұмысын автоматтандыру және білім алушылардың сабаққа қатысуларын қашықтан қадағалау мақсатында облыстық білім басқармасына қарасты 25 мемлекеттік колледж өз қаржаты есебінен FACE ID ақпараттық жүйесін орнатты. Енді «FACE ID» ақпараттық жүйесі басқармамен интеграцияланып толық автоматтандырылады» - делінген Түркістан облысы білім басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.