Бүгінде мектеп ішінен ашылған мұражайларда құнды жәдігерлер көп. Олардың ішінде өлкенің тарихынан сыр шертетін, әрі сирек кездесетін экспонаттар да бар.
Мәселен Келес ауданына қарасты Жүзімдік ауылында орналасқан Ш.Уәлиханов атындағы №31 жалпы орта білім беретін мектебінің тарихи-археологиялық мұражайына қойылған заттарды көп музейлерден кездестіре алмайсыз.
Мұнда ХҮІІІ-ХІХ ғасырларға тиеселі ағаш шоқпар мен ожау, ежелгі қаңлы дәуіріне тиеселі саз балшықтан жасалған құмыралар мен ыдыстар бар.
Сондай-ақ, сөрелерге көне монеталар мен қоладан жасалған шәйнек, кесе секілді тұрмыстық заттар қойылған.
ХҮ-ХҮІ ғасырға тиеселі Балбал тасқа арнайы бұрыш берілген. Оның ішінде қаншама жылдардан бері қолданылып келе жатқан домбыра мен қобыз тұр.
1353 жылы тастан жасалған қол диірмендерді де осы мектептен кездестіруге болады.
«Жалпы Жүзімдік ауылының тарихы терең. Өңірде 1985-1986 жылдары археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Сол кезде табылған жәдігерлер мектеп жанынан ашылған мұражайға өткізіліпті. Жалпы аумағы – 68 шаршы метрді құрайтын мұражай екі бөлмеден тұрады. Экспозициялық бөлменің аумағы – 56 шаршы метр. Мұражайда жалпы 152 экспонат бар», - дейді мектеп директоры Ақмарал Қамбарова.
Ұстаздардың айтуынша қазіргі кезде де мектеп ауласында, ауыл маңында көптеген жәдігерлерді кездестіруге болады.
Тіпті, ағаш отырғызбақ болып жер қазған оқушылар қыш құмыралардың қиындыларын тауып алған.
Одан бөлек, ойнап жүріп те көптеген жәдігерлерге кезіккен.
«Тарихшы мамандардың қорытындысына сәйкес, осы аймақтан табылған тарихи экспонаттар біздің заманымыздың I-XIII ғасырлардағы Қаңлы мемлекеті мен Қарахан мемлекеті кезеңдеріне жатады. Мұражай жұмысының негізгі мақсаты – оқушылардың тарихи, өлкетану бағытындағы танымын арттыру және оларды патриоттық рухта тәрбиелеу», - дейді Ақмарал Қамбарова.
Ал, Кентау қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы мектепте соғыс жылдарында қолданылған бұйымдар көп.
Сондай-ақ, білім ордасы орналасқан Бүргем ауылының тарихы, ауыл іргесін көтеруге ат салысқан азаматтар, зейнеткер ұстаздар, халықтың төлтума мәдениетінен сыр шертер қолөнер бұйымдары қойылған.
«Мұражайдағы әскери заттар қойылған аумақты «Мәңгілік полк» бұрышы деп атадық. Онда ауылдан шыққан соғыс және еңбек ардагерлерінің суреттерін ілдік. Сондай-ақ, мектебімізге аты берілген Әлия Молдағұлованың үлкен портреті бар. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қолданылған әскери киімдер мен байланыс құралдары, Ұлы Жеңістің 20,30,40,50 жылдық және Кеңес Одағы Қарулы Күштерінің 60, 70 жылдық мерейтойларына орай берілген медалдар, сұм соғыстың шежіресінен сыр шертер кітаптар қорымен жабдықталды. Оның көпшілігін Санкт-Петербург қаласынан Шерхан Әбілов есімді киноактер жерлесіміз арнайы жеткізіп берді», - дейді мектеп директоры Гүлжан Кадырова.
Мектеп мұражайлары Арыс қаласында да ашылған.
Сатирик С.Адамбеков атындағы жалпы білім беретін мектеп музейінде әзілкештің өміріне қатысты көптеген мәліметтер алуға болады.
Өзі қолданған заттары мен киімдері де сақтаулы тұр.
«Бізде жәдігер көп еді. Арыс қаласындағы әскери қойма жарылған сәтте ондағы заттарымыз талан таражға түсіп кетті. Қазір қайтадан қалпына келтіріп, толықтырып жатырмыз», - дейді мектеп директоры Мейіркүл Асқарова.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында 1000 мектеп бар.
Оның ішінде 500-ден аса білім ошағында мектеп жанында мұражай жұмыс істеп тұр.