Түркістан облысындағы мектептерге жаңадан берілген автобустар сатылып кетті – фейк
Түркістан облысындағы мектептерге жаңадан берілген автобустардың сатылып кеткені туралы тараған ақпарат жалған, деп хабарлайды Kazinform.
Әлеуметтік желіде Түркістан облысындағы мектептерге жаңадан берілген автобустар сатылып кеткенді туралы видео тарады. Видео авторының айтуынша, Сайрам, Сарыағаш, Түлкібас, Келес аудандарына берілген автобустар балаларды тасымалдауға шықпай қойған. Ал қолданыста жүрген ескі көліктерге оқушылар сыймайды. Сондықтан балалар мектепке қыстырылып тұрып баруға мәжбүр.
«Түркістан облысы әкімдігінен арнайы тексеру комиссиясын құрып, Сайрам, Сарыағаш, Түлкібас, Келес аудандарына бөлінген автобустарды тексеруді сұраймын. Қанша автобустың жұмыс істеп жатқанын, қаншасы не үшін жұмыс істемей тұрғанын, оларды кімдердерің сатып жібергенін анықтасаңыздар», - дейді ол.
Аталған мәселені Түркістан облысы Білім басқармасы назарға алғанын мәлімдеді.
«Биыл облыс бойынша балаларды қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету үшін барлық тасымалдау талаптары сақталған 101 жаңа мектеп автобустары лизинг тәсілімен сатып алынған болатын. Қазіргі таңда 217 елді-мекендегі оқушылар 101 жаңа автобуспен және 23 мектеп балансындағы автокөлікпен, 87 мердігерлер есебіндегі автобустармен тасымалданып жатыр. Өз тарапымыздан жалған ақпарат таратушылар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылатынын жеткіземіз», - делінген облыстық Білім басқармасы ақпаратында.