Түркістан облысындағы су айдындарында 21 қайғылы оқиға тіркелді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Өңірдегі арнайы шомылу орындарының аздығы ең үлкен мәселенің біріне айналды.
Жыл басынан бері Түркістан облысындағы су айдындарында 21 қайғылы оқиға тіркелді. Атап айтар болсақ, Өзбекстан Республикасының екі азаматының мәйіті шекаралас каналдар арқылы ағып келген.
Сондай-ақ, көлік құралын игере алмай каналға құлаған 5 адам суға батып кетті. Белгісіз жағдайларда су қоймадан, жасанды көлшіктен және каналдан 3 адамның денесі табылды.
Ата-анасының қарауынсыз қалған 6 бала шұңқырға, канал-арыққа құлап қайтыс болды.
- Өткен жылы түрлі жағдайларда 60 адам суға батып қайтыс болды. Оның ішінде 31 бала бар. Төтенше жағдайларды есепке алу талаптарына сәйкес шомылу барысында қаза тапқан 16 адам, оның ішінде 5 бала есепке алынды, - делінген Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
Жалпы, өңірдегі арнайы шомылу орындарының аздығы ең үлкен мәселелердің бірі айналып отыр. Өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қосымша 14 шомылатын арнайы жағажай іске қосылған. Дегенмен, бұл 2 млн-нан астам халқы бар облыс үшін аздық етері анық. Сондықтан биыл шомылуға арналған ашық жағажайлардың санын 50-ге жеткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, департамент қызметкерлері тәулік бойы су айдындарында профилактикалық рейд жұмыстарын жүргізіп келеді. Жыл басынан бері судағы қауіпсіздік қағидаларын бұзған 10 адамға 137 620 теңге көлемінде әкімшілік шара қолданылған.
Айта кетейік, бұдан бұрын Павлодарда Ертіс өзеніне батып кеткен ер адамды іздеу жұмыстары қайта жанданғанын жазған болатынбыз.