Түркістан облысындағы жол-көлік оқиғасы салдарынан автобандағы қозғалыс тоқтады

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автожолының Түркістан облысы аумағындағы бір бөлігінде бірнеше көліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Апаттан кейінгі құтқару, тазалау шаралары үшін аталған автобанда көлік қозғалысын уақытша тоқтатуға тура келген.

Фото: Кадрдан алынған видео

Оқиға орнынан түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады. Кадрлардан Түркістан облысы Сайрам ауданындағы Қарабұлақ пен Манкент ауылдарының арасындағы жолда қатты соққы алған бірнеше автокөлікті көруге болады.

Құқық қорғау органдары жүргізушілерді тағы да жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, қауіпсіз жылдамдықты таңдауға, жол және ауа райы жағдайларын ескеруге, сондай-ақ көлік тізгінінде барынша мұқият болуға шақырды.

Бұған дейін синоптиктер өңірдегі автожолдарда көру деңгейінің төмендеуі мүмкін екенін ескерткен. Олардың мәліметінше, 7 қаңтар күні Түркістан облысының оңтүстігінде және таулы аудандарында да тұман күтіледі. Таулы асуларда солтүстік-шығыс бағыттағы желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін.