Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Бәйдібек ауданының активіне жаңа әкімді таныстырды. Өңір басшысы жаңа әкімді қызметімен құттықтап, жауапты жұмысына табыс тіледі.
Ұласбек Сәдібекұлы Сәдібеков 1967 жылы Бәйдібек ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары. 1992 жылы Целиноград ауылшаруашылық институтын «инженер-электрик» мамандығы бойынша, 2001 жылы «Қайнар» университетін «экономист» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1983 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Алғабас ауданындағы мал бордақылау кешенінде жұмысшы болып бастаған. 1984-1986 жылдары Целиноград ауылшаруашылық институтында білім алған. 1986-1987 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери қызмет атқарып, 1987-1992 жылдары аталған институттағы оқуын жалғастырған. 1992-1993 жылдары Ақмола қалалық әкімшілігінің жастар комитетінің төрағасы қызметін атқарды.
1993-1994 жылдары ОҚО Алғабас аудандық әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінде маман, бас маман, 1994-1996 жылдары аудандық әкімшіліктің жастар ісі, туризм және спорт басқармасының басшысы болды. 1996-1998 жылдары Шымкент қаласындағы «Жетіген» ЖШС директоры, 1998-2002 жылдары Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары, 2002-2004 жылдары ОҚО әкімінің аппараты әлеуметтік-мәдени кешені бөлімінің меңгерушісі, 2004-2005 жылдары облыстың жастар ісі және ішкі саясат департаментінің директоры болып еңбек етті.
Сондай-ақ 2005-2006 жылдары ОҚО ішкі саясат департаментінің директоры, 2006-2007 жылдары Бәйдібек ауданының, 2007-2009 жылдары Сарыағаш ауданының әкімі қызметтерін атқарды. 2009-2012 жылдары «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып жұмыс істеді. 2012-2016 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, 2016-2018 жылдары ОҚО әкімінің орынбасары, 2018-2019 жылдары Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі — Нұр-Сұлтан қаласындағы өкілі, 2019-2023 жылдары Сайрам ауданының әкімі қызметін атқарды.
2023 жылдан бастап ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері.
Бұған дейін Нұрлан Әбдіров ОСК төрағасы болып қайта тағайындалғанын хабарлаған едік.