Түркістан облысының бірқатар қаласында референдумға орай қоғамдық көліктер тегін қатынап жатыр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Бүгін республикалық референдумға байланысты Түркістан облысының бірқатар қаласында қоғамдық көліктер тегін қызмет көрсетіп жатыр.

Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform

Атап айтқанда, бұл іс-шара Түркістан, Сарыағаш, Шардара, Кентау, Арыс қалаларында ұйымдастырылды. Аталған бастама тұрғындардың маңызды саяси науқанға қатысуына қолайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынып отыр.

Жалпы Түркістан облысында 1 187 257 азаматтың референдумда дауыс беруге құқығы бар. Бұл – өңір халқының 55,4 пайызы.

Өңірде 947 референдум учаскесі жұмыс істейді. Оның 25-і – жабық учаске.

Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform

Референдумға облыс бойынша жалпы 6 380 комиссия мүшесі тартылған. Олардың 97 пайызы референдумдар мен түрлі деңгейдегі сайлау науқандарын өткізуде тәжірибесі бар.

– Облыста ең көп сайлау учаскесі – Сайрам ауданында. Мұнда 89 учаске бар. Одан кейін Сарыағашта – 82, Жетісайда – 75, Төлебиде – 69, ал Түркістан қаласында 65 сайлау учаскесі тіркелген, – деп хабарлады Түркістан облыстық аумақтық референдум комиссиясы.

Айта кетейік, бүгін өңірдегі барлық дауыс беру учаскелерінде тұрғындар таңғы сағат 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін дауыс бере алады.

Бұдан бұрын еліміздегі барлық учаскеде дауыс беру жүріп жатқанын жазған едік.