Түркістан облысының Төлеби ауданында ірі сүт фермасы іске қосылып, 100 адам жұмыспен қамтылады

Фото: Төлеби ауданының әкімдігі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Төлеби ауданының Зертас ауылдық округінде «AZIA MILK» маркасымен ірі сүт фермасы іске қосылады деп күтілуде. 2024-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын инвестициялық жобаның жалпы құны 1,3 млрд теңгені құрайды.  

Елді мекен шетіндегі 10 гектар аумаққа израильдік технология негізінде ферма ашуды көздеген кәсіпкер 1 200 бас ірі қараға арналған қора, жем-шөп жинайтын орын, сүтті жинайтын, әрі сүт өнімдерін дайындайтын арнайы ғимарат салмақ. Жоба толығымен жүзеге асқан жағдайда жүздеген жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Төлеби ауданы экономикасының ілгерілеуіне айтарлықтай оң әсерін тигізетін фермаға аудан әкімі Төлеген Телғараев арнайы барып, жобамен кең көлемде танысты. Кәсіпкер фермаға метеостанциясы бар желдеткіш және заманауи жарық жүйесі, сиырдың тойғаны мен жағдайын анықтайтын бейне-камералар орнатылатынын жеткізді. Аудан басшысы өндіріс орны – өңірдегі сүт шаруашылығын дамытып, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтитынын айтты. Сонымен қатар жеке кәсіпкердің 240 бас ірі қара мал бордақылау алаңының жұмысымен танысып, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану туралы кеңес берді. 

Кейін аудан әкімі Киелітас ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер Сәкен Сәрсеновтің балық шаруашылығымен танысты. Кәсіпкер өз қаражаты есебінен 0,5 гектар аумаққа 10 тоннадан астам сазан балығын өсіріп отыр. Сондай-ақ 1,6 гектар жерге демалыс аймағының құрылысы жүргізген. Мұнда да жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып отыр.