Түркістан облысының тұрғындары кәсіп ашып, табысын арттырып жатыр

Фото: Кейіпкерден

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM-Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы негізінде өңірде өткен жылы 1688 азамат қайтарымсыз қаржыға ие болып, кәсіп бастаған болатын. Ал, биыл 1793 тұрғынға қайтарымсыз грант беріледі деп күтілуде.

Мемлекет тарапынан бизнес бастаймын деген жандарға бүгінде көптеген қолдаулар көрсетіліп келеді. Соның бірі, қайтарымсыз грантты алып кәсіп бастаған Түркістан облысының тұрғындары бүгінде мол табысқа кенеліп отыр. 

Мәселен, Сайрам ауданына қарасты Әсіларық ауылының тұрғыны Нұржан Утегенов «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған» бағдарлама арқылы гратқа қол жеткізді. Содан, мүгедектігі бар азамат қоян шаруашылығын дамытуды қолға алды. Қажетті құрылғыларды алып, бірден іске кірісті. 

Фото: Кейіпкерден

«Қазір кәсіп бастаймын немесе кәсібімді ұлғайтамын дегендерге мемлекет тарапынан түрлі жағдайлар жасалынып жатыр. Қайтарымсыз мемлекеттік грант соның бір дәлелі. Бұл шағын іс бастауға қаражаты жоқтарға немесе қаражаты жетпеген белгілі бір санаттағы азаматтарға үлкен көмек. Мен қолымнан келетін кәсібімді мемлекеттің осынау көмегі арқылы бастағаныма өте қуаныштымын. Бұл берекенің бастауы болса керек» - дейді ол. 

Ал, Түлкібас ауданына қарасты Шақпақ ауылының тұрғыны Фарида Симбекова құлпынай өсіріп, көл көсір пайдаға кенеліп отыр. Осы бағытта қайтарымсыз қаржының иегері атанған кәсіпкердің қарамағында 2 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 

«Ауылым «Батыс-Қытай – Батыс-Еуропа» күре жолының бойында орналасқандықтан, құлпынайларым өтпей қалады деген қорқыныш жоқ. Одан қалса, тосап шығаратын цехтарға сатамын. Алдағы уақытта жылыжай аумағын үлкейтіп, жемістердің бірнеше түрін өсіріп сатуды қолға алмақпын. Жалпы, қандай кәсіп болсын қажырлы еңбекті қажет етеді. Ал, бағбандық дегеніңіз тіпті маңдай термен атқарылатын ауыр жұмыс» - дейді Фарида Симбекова. 

Фото: Кейіпкерден

Бәйдібек ауданының тұрғыны Гүлгүл Тапенова мемлекеттік бағдарлама арқылы өз хоббиін кәсіпке айналдырды. 

Мүгедектігі бар азаматша грантпен бөлінген қаражатқа шеберханаға қажетті тігін машиналары мен оның қосалқы бөлшектерін сатып алған. Қазір құрақ көрпе мен қыз жасауын тігіп, сатуға шығарып отыр. Еңбек адамына арнайы тапсырыс берушілерде көп. 

Фото: Кейіпкерден

«Ауқымды тапсырыстар қабылдау үшін үлкен цех өндірісі деңгейге жету қажет. Қазір сол бағытта жұмыс істеп жатырмын. Кәсіп бастауға көмек берген мемлекетімізге айтар алғысым шексіз»-дейді ол. 

Мақтаарал ауданына қарасты Атакент кентінің тұрғыны Юрий Диденко «Құс шаруашылығы» қызметімен айналысып келеді. Кәсіпкер 2023 жылдың наурыз айында өз бизнес жобасын ұсынып, комиссия шешімімен қайтарымсыз 1 млн 380 мың теңге алған. Содан, қажетті вакум, инкубатор секілді керекті құрал жабдықтарды сатып алды. 

Фото: Кейіпкерден

Қазіргі таңда Юрий Диденко өз үйінде бұқтырылған құс еті, гриль, құс етінен шұжықтар жасап аудан тұрғындарын табиғи қоспаларсыз ет өнімдерімен қамтамасыз етіп, кәсібін дөңгелетіп келеді.

Фото: Кейіпкерден