Түркістан облыстық дене шынықтыру басқармасына жаңа басшы тағайындалды

Фото: Түркістан облысының әкімдігі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Бұл қызметті бұдан былай Худияров Ғалымжан Батырханұлы атқарады.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың өкімімен және ҚР Туризм және спорт министрлігінің келісімімен Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы лауазымына Худияров Ғалымжан Батырханұлы тағайындалды.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ұжымға жаңа басқарма басшысын таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.

Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Худияров Ғалымжан Батырханұлы – Түркістан қаласында 1983 жылы дүниеге келген. Ол 2000-2004 жылдары Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде «Дене тәрбиесінің мұғалімі және жаттықтырушысы» мамандығы бойынша білім алды. Педагогика және психология магистрі, 2010 жылы педагогика ғылымдарының кандидаты болды.

Еңбек жолын 2005-2006 жылдары Ә.Нұрмаханов атындағы ОБЖСМ самбо күресінен жаттықтырушы болып бастады.

2006-2012 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының оқытушысы, 2012-2014 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың «Спорт және өнер» факультетінің ғылым және тәрбие ісі жөніндегі декан орынбасары қызметтерін атқарды.

2014-2019 жылдары Түркістан қалалық су спорты кешенінің меңгерушісі, 2019 жылы Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Орталық су-спорт кешені» МКҚК-нің директоры болды.

2021 жылдан бастап Түркістан қаласының VII-VIII шақырылым мәслихаттарының депутаты болса, 2025 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін Түркістан облыстық «Олимпиада резервін даярлау орталығының» директоры қызметін атқарып келді.

Айта кетейік, бұдан бұрын «Астана Опера» театрының директоры тағайындалғанын жазған болатынбыз.