Түркістан облыстық сотында бизнес өкілдерінің қатысуымен қаралған істер көбейген

Фото: Фото: Түркістан облыстық соты

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Түркістан облыстық сотының оқу орталығында бизнес өкілдеріне қатысты әкімшілік істерді қарау барысында туындайтын мәселелер бойынша дөңгелек үстел өтті.

Басқосуға Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің өкілдері қатысты.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Гүлмира Мекембай әкімшілік істерді қарау барысында туындайтын мәселер жөнінде баяндама жасап, тақырып аясында кең көлемді мәлімет берді.

Фото: Түркістан облыстық соты

«Елімізде бизнес субъектілерін қорғау бүгінгі күні мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Еліміздің экономикасын, әлеуметтік саланы, мәдениетті дамытудағы кәсіпкерлердің еңбегі әрқашан жоғары бағаланып келеді. Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – бизнес өкілдеріне қатысты әкімшілік істерді қарау барысында туындайтын мәселелерді талқылау. Мұндай тұрақты талқылаулар туындайтын сын-қатерлерге жедел ден қоюға, заңнама талаптары мен кәсіпкерлердің қажеттіліктері арасындағы тепе теңдікті табуға мүмкіндік беретін әріптестік қатынастарды нығайтуға ықпалын тизігеді» - деді Гүлмира Мекембай.

Жалпы, Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында биылғы жылдың 9 айында инвесторлар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен барлығы 393 талап қою қаралған. Ал, 2023 жылдың 9 айында инвесторлар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен 228 әкімшілік іс қаралған, яғни биыл бизнес өкілдерінің қатысуымен қаралған істер саны 58 пайызға артып отыр. Сондай-ақ, биылғы жылы бизнес өкілдерінің 84 әкімшілік талап қоюы қанағаттандырылған. 15 талап қою бойынша әкімшілік іс тараптардың медиативтік келісімге келуімен аяқталған.

Фото: Түркістан облыстық соты

- «ЭкоШымкентПроект» ЖШС-і Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына талап қоюмен жүгініп, Түркістан облысы бойынша экология департаментінің құқықбұзушылықты жою туралы нұсқамасының күшін жоюды сұраған. Іс материалдарына қарағанда, облыстық экология департаменті «ЭкоШымкентПроект» ЖШС-не жоспардан тыс тексеру тағайындап, талап қоюшыға тиеслі полигонда қауіпті қалдықтарды көму арқылы залалсыздандыру жұмыстары барысында анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берген. Істі қарау барысында, департаменттің бір нысанға бір тексеру кезеңінде екі рет тексеру тағайындап, тексеру жүргізген. 2023 жылғы 3 тамыздағы №60 тексеру нәтижелері туралы актіде экологиялық заңнаманың талаптары бұзылғаны анықталмағаны туралы қорытынды берген. Ал, дауланып отырған 2024 жылғы тексеру актісінде сол кезеңге, сол нысанаға тексеру жүргізіп, экология заңнамасының бұзылғаны туралы қорытынды беріп, оны жою туралы нұсқама берген. Нәтижесінде, талап қоюшы өз құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінуге мәжбүр болған. Сот, департамент тарапынан кәсіпкерлік кодексінің 151, 155- баптарының талаптарын өрескел бұзғандығын және талап қоюшының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзғандығын негізге алып, бұзушылықты жою туралы нұсқамасын заңсыз деп таныған. Нәтижесінде бизнес өкілінің құқықтары қорғалды» - деді Гүлмира Мекембай.

Басқосуда бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы А.Тұрысбаев Қазақстан Республикасының «Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне» енгізілген бірқатар өзгеріс жөнінде түсіндіріп өтті.

Дөңгелек үстелге қатысушылар өзара пікір алмасты. Әрбір қатысушы орамды ойларын оратаға салды. Тақырып аясында туындаған сұрақтарға сала мамандарын кең көлемде жауап берді. Сондай-ақ, ұсыныстар тыңдалып, күн тәртібіндегі мәселе кең көлемді талқыланды.