Түркістан өңірі қуаңшылықпен қалай күресіп жатыр

Фото: Midjourney

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында  шөлейттену мен қуаңшылық ауыл шаруашылығына кері әсер етіп отыр. Вице-министр Азат Сұлтанов осы мәселе жөнінде қолға алынған шаралар мен жоспарлар жөнінде Kazinform жолдаған сұрақтарға жауап берді.

— Азат Сиражиддинұлы, қазіргі таңда Түркістан облысында шөлейттену мен жердің тозу мәселесі қаншалықты байқалады?

— Түркістан — еліміздің ауыл шаруашылығы мен табиғи ресурстары тұрғысынан маңызды өңірлердің бірі. Соңғы жылдары климаттың өзгеруі мен антропогендік факторлардың әсерінен жер ресурстарын қорғау және оларды тиімді пайдалану өзекті мәселеге айналып келеді. Алайда бұл тек күрделі мәселе ғана емес, сонымен қатар жаңа шешімдер мен тұрақты даму мүмкіндіктерінің алаңы болып табылады.

Облыс аумағында ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемі — 4,4 млн га құрайды. Бұл көрсеткіштер өңірдің табиғи әлеуеті жоғары екенін және ауыл шаруашылығын дамытуда зор мүмкіндіктер бар екенін айғақтайды. Бүгінде облыс аумағында топырақтың құнарлы қабатын сақтау және шөлейттену үдерісін тежеу бағытында кешенді іс-шаралар қолға алынып жатыр. Жергілікті және ұлттық деңгейде қабылданып жатқан бағдарламалар жайылымдарды қалпына келтіру, орман алқаптарын ұлғайту, сондай-ақ су ресурстарын ұтымды пайдалану бағытында оң нәтижелер беріп келеді.

Сырдария өзенінің жағалауындағы экожүйелерге ерекше назар аударылып, тұзданған және деградацияға ұшыраған аумақтарда фитомелиорация, суармалы жерлерді қалпына келтіру, сондай-ақ жел және су эрозиясына қарсы инженерлік іс-шаралар жүргізілуде. Бұл жұмыстар ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуына жол ашып отыр. Сонымен қатар, ғылыми зерттеулер мен инновациялық агротехнологиялар топырақ құнарлылығын арттыруда және табиғи тепе-теңдікті сақтауда маңызды рөл атқарады.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында шөлейттену мен жердің тозуына қарсы жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Жергілікті тұрғындар мен фермерлердің белсенділігі, мемлекеттік қолдау және ғылыми тәсілдердің үйлесуі арқылы өңірдің табиғи ресурстарын тиімді пайдалану мүмкін болып отыр. Бұл өз кезегінде экологиялық тұрақтылықты сақтауға және экономикалық өсімді қамтамасыз етуге жағдай жасайды.

— Осыдан 10-15 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда жердің күйінде қандай өзгерістер бар?

— Түркістан облысы аудандарындағы тозған жерлер көлемінің өзгерісін салыстырмалы түрде көрсету үшін ауыл шаруашылығы жерлерінің сапасын анықтау бойынша ірі масштабты топырақ зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда кейбір аудандарда экологиялық және табиғи орналасуына байланысты аймақтарда жерлердің сапасының томендеуі байқалады.

— Бұл проблема ең көп байқалатын нақты аудандар немесе елді мекендерді атасаңыз?

— Түркістан облысында тозуға ұшыраған жерлер негізінен Арыс қаласында, Отырар, Созақ, Келес, Сарыағаш және Шардара аудандарында, сондай-ақ Сырдария өзенінің оң жағалауында жиі кездеседі.

— Сіздің ойыңызша, шөлейттенудің басты себептері неде?

— Шөлейттенудің басты себептері табиғи және антропогендік факторлармен байланысты. Табиғи себептерге жауын-шашынның азаюы, құрғақшылық, климаттың өзгеруі және жер бедерінің ерекшеліктері жатады. Ал антропогендік себептер қатарында шамадан тыс мал жаю, ормандарды кесу, жерді тиімсіз пайдалану, дұрыс ұйымдастырылмаған суару мен мелиорация, сондай-ақ су ресурстарын ұтымсыз басқару бар. Бұл факторлар топырақтың құнарсыздануына, өсімдік жамылғысының сиреуіне және жердің тозуына әкеледі.

— Бұл құбылыстың ауыл шаруашылығына, мал өсіруге әсері қандай?

— Шөлейттену құбылысы ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығына біршама әсерін тигізіп отыр. Топырақтың құнарлылығының төмендеуі мен ылғалдың азаюы егін шаруашылығында өнімділікке әсер етсе, жауын-шашын мөлшерінің аздығы мен жер асты суларының тартылуы суаруға қатысты қиындықтар туындатып, егістік алқаптардың қысқаруына себеп болуы мүмкін. 
Сонымен қатар, жайылымдық жерлердің тозуы мен шөп жамылғысының сиреуі мал азығының жеткіліксіздігіне алып келіп, малдың күйі мен өнімділігіне әсер етуде.

— Соңғы жылдары ауа райында қатты өзгерістер байқалып жатыр. Күн қатты ысып, жауын-шашын азайды. Осының салдарынан құрғақшылық басты. Жергілікті билік немесе ұйымдар шөлейттенумен күресу үшін не істеп жатыр?

— Ауыл шаруашылығы министрлігі 2024-2030 жылдар кезеңіне топырақ құнарлылығын қалпына келтіру және арттыру жөніндегі шараларға қатысты Жол картасын әзірледі және 2024 жылғы маусымда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин бекітті. Жол картасы су және жел эрозиясымен, сондай-ақ шөлейттенумен күресу бойынша одан әрі шаралар қабылдай отырып, топырақты кешенді зерттеуді қамтиды. Сондай-ақ, жол картасы шеңберінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану мақсатында Жер ресурстарын басқару комитеті мен жергілікті атқарушы органдарға ведомстволық бағынысты ұйымдарының өзара іс-қимыл алгоритмі бекітілді.

Бұл алгоритм жер пайдаланушылардың жер учаскелерін ұтымды пайдалану жөніндегі міндеттемелерін орындамаған жағдайда жер учаскесін жалға алу шарттарын бұзу не шарттың қолданылу мерзімін ұзартудан бас тарту көзделген, одан әрі жедел ден қою үшін жерді зерттеу бойынша қажетті материалдарды уақтылы беруге мүмкіндік бере отырып, ұйымдар арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.

— Су ресурстарын тиімді пайдалану үшін қандай технологиялар немесе әдістер қолданылып жатыр?

— Суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыру перспективалары суды үнемдейтін суару технологияларын кеңінен қолданумен тығыз байланысты, бұл суды және қоректік заттарды нүктелік жеткізу арқылы суды тұтынуды азайтуға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Осы мақсатта суарудың заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысының су үнемдеу технологиялары қолданылатын аумақтарды жыл сайын 150 мың гектарға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес Министрлік Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп, 2025 жылы су үнемдеу технологияларын қолдана отырып суармалы жерлердің көлемі 612 мың гектарға дейін ұлғаяды деп жоспарлап отыр. Ал жалпы 2030 жылға қарай 1 362 мың гектарға жетеді. Су ресурстары және ирригация министрлігінің деректері бойынша 2024 жылдың қорытындысы бойынша суарудың су үнемдеу тәсілдерімен суармалы жерлердің ауданы 100,3 мың гектарға ұлғайтылды. Оның ішінде тамшылатып суару 43,5 мың гектарға, жаңбырлатып суару 56,8 мың гектарға жетті. Сондай-ақ 57,6 мың гектар жерді лазерлік жоспарлаушы теңестірді. Нәтижесінде ағымдағы жылы су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, жыл сайынғы алаңдарды енгізу бойынша көрсеткіш 157,9 мың га болды.

Жалпы, 2024 жылы су үнемдеу технологиялары бар суармалы жерлердің ауданы 470,1 мың гектарға дейін ұлғайтылды. 2030 жылға қарай 1 млн 362 мың гектарға жету жоспарланып отыруда). Ауылшаруашылық тауарын өндірушілерін қолдауда 2024 жылдан бастап инвестициялық салымдарды өтеу үлесін 80%-ға дейін ұлғайту бөлігінде № 11 «Су алу және беруге арналған инфрақұрылымын құру және кеңейту арқылы су үнемдейтін суару технологияларын енгізу» жобасының паспортына өзгерістер енгізілді.
Қосымша, фермерлерді су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру мақсатында өткен жылы фермерлерге су беру қызметтерінің құнын субсидиялаудың өзгертілген Қағидалары күшіне енді.

Өзгерістер суару әдісіне байланысты субсидиялар мөлшерін саралауды және суды есепке алу аспаптарының болуы туралы шартты көздейді. Сонымен қатар, Министрлік қолда бар су ресурстарын сақтау және оларды тиімді пайдалану мақсатында суды көп қажет ететін дақылдарды қысқарту және су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы егіс алқаптарын әртараптандыру бағдарламасын іске асырып келеді.

— Егер жағдай өзгермесе, алдағы 10-15 жылда не болуы мүмкін?

— Егер шөлейттенуге қарсы нақты әрі жүйелі шаралар қабылданбаса, алдағы 10–15 жылда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің қысқаруына алып келуі мүмкін. Алайда бұл — алдын алуға болатын үдеріс. Уақтылы және ғылыми негізделген әрекеттер арқылы қазіргі қауіптерді болашақтағы мүмкіндіктерге айналдыруға болады. Шөлейттену қаупі бар өңірлердегі егістік пен жайылымдық жерлердің сапасы төмендеуі ықтимал. Дегенмен, жаңа технологиялар мен агроэкологиялық тәсілдерді қолдану арқылы мұндай жерлерді қайта өңдеп, өнімділігі жоғары аумақтарға айналдыруға толық мүмкіндік бар. Жер ресурстары тиімді басқарылған жағдайда ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына жол ашылады.

Сонымен қатар, климаттың өзгеруімен бірге су тапшылығы қаупі де арта түседі. Алайда тамшылатып суару, суды қайта пайдалану, жаңбыр суын жинау секілді технологияларды енгізу арқылы су тапшылығын едәуір азайтуға болады. Бұл — ауыл шаруашылығы мен халықтың тұрмыстық қажеттіліктерін тұрақты қамтамасыз етудің маңызды шарты. Жайылымдарды қалпына келтіру, мал шаруашылығын ұтымды ұйымдастыру және экожүйеге бейімделген тәсілдерді қолдану арқылы бұл сала да анағұрлым тиімді бола алады. Мал азығын өндіру мен сақтау жүйесін жетілдіру — ауылдық жерлердегі табысты арттырудың негізгі тетігі.
Биологиялық әртүрлілікті сақтау және экожүйе тепе-теңдігін қамтамасыз ету үшін қорғалатын табиғи аумақтарды ұлғайту, орман отырғызу және жергілікті табиғатты қалпына келтіру жобаларын жүзеге асыру маңызды. Бұл — өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтап, оны келер ұрпаққа аманат етудің негізі.

Климаттың одан әрі нашарлауы шөлейттену үдерісін күшейтуі мүмкін. Алайда көмірқышқыл газын сіңіретін ормандарды отырғызу, жел эрозиясына қарсы шаралар, құрғақшылыққа төзімді ауыл шаруашылығы дақылдарын енгізу сынды экологиялық шешімдер климаттық тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.

— Бұл мәселені шешу үшін сіз қандай ұсыныс айтар едіңіз? Бұл бағытта билікпен немесе халықаралық ұйымдармен бірлесіп атқарылып жатқан жобалар бар ма?

— Шөлейтпен күрес — тек табиғатты қорғау шарасы ғана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру, халықтың әл-ауқатын жақсарту және болашақ ұрпаққа аманатталған жер ресурстарын сақтау ісі. Бұл бағытта кешенді, көпдеңгейлі, ғылым мен қоғамның өзара байланысына негізделген ұлттық стратегия қажет. Мұндай тәсіл шөлейттену үдерісін тежеуге және тозған жерлерді қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Нәтижеге қол жеткізу үшін мынадай негізгі қадамдарды іске асыру маңызды: ғылыми негізделген жер пайдалану тәсілдерін енгізу, халықаралық тәжірибе мен инвестиция тарту, ауыл тұрғындарын оқыту және қолдау, орман мелиорациясы мен көгалдандыру жұмыстарын жүргізу, су ресурстарын тиімді басқару.

Қазақстанда шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі ұлттық жоспар БҰҰ-ның шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясын іске асыру аясында әзірленді. Бұл жоспар жердің деградациясы мәселесін табиғи және антропогендік факторлар тұрғысынан шешуге бағытталған. Ол жер ресурстарын тұрақты басқару, биоәртүрлілікті сақтау, топырақ эрозиясымен күрес және сумен қамтамасыз етуді жақсарту жөніндегі шаралар кешенін қамтиды.

Бүгінде шөлейттенуге қарсы бірқатар ұлттық және халықаралық деңгейдегі жобалар іске асырылуда. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында деградацияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру және орман алқаптарын ұлғайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, БҰҰДБ (UNDP), GEF және FAO секілді халықаралық ұйымдармен әріптестік орнатылып, Түркістан облысында экожүйелерді қалпына келтіру және агроэкологиялық жобалар іске асуда.
Орталық және жергілікті атқарушы органдар жер ресурстарын басқарудың цифрлық жүйелерін дамытуға және ғылыми зерттеулерді қолдауға басымдық беріп отыр.

Қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан бірқатар ірі жобалар қатарында «Орталық Азия мен Түркияның құрғақшылыққа бейім және тұзды ауыл шаруашылық өндірістік ландшафттарындағы табиғи ресурстарды кешенді басқару», «Қазақстанда климаттық тұрақтылықты қамтамасыз ету және жайылымдық жерлерді қалпына келтіру үшін агроорман мелиорациясы» сияқты бастамалар бар.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында 50 мың гектар алқаптағы егін ораққа ілінбей қалуы мүмкін екенін жазған болатынбыз.