Күншуақ Табиғатқызы есімді «робот» қыз әзірге күн райының болжамы айдарын жүргізеді. Алғаш көрген адам сүйкімді келбеті мен мәнерлеп сөйлеу әдебіне қарап, «жасанды интеллект» екендігін білмей де қалады.
«Жалақы төлемейміз, ауырып қалмайды, дауысы, мәнері бұзылмайды, боянбайды. Қай жағынан алып қарасаңыз да тиімді. Біз ауа райы болжамының текстін алдын ала жазып береміз, содан «жасанды интеллект» жасайтын программаға аз ғана ақша төлейміз. Болды. Күншуақ Табиғатқызы эфирге шығып, бағдарламаны жоғары деңгейда алып шығады» - дейді телеарна директоры Жанахмет Ағыбаев.
Күн райын жүргізетін болғандықтан ұжым мүшелері робот қызды «Күншуақ» деп атаған. Ал, тегін «Табиғатқызы» деп алыпты.
Алдағы уақытта телеарна басшылығы «жасанды интеллект» жобасын екінші бағдарлама жүргізушісіне жасатып, сынап көрмек. Егер жоба сәтті шығып жатса, робот жүргізуші көрермендерді қызықты жаңалықтармен таныстырып отыратын болады.