Түркістан туралы әлемдік деңгейдегі фильм түсіріледі - Сергей Дворцевой

Фото: Фото: halyqline.kz

Түркістан туралы әлемдік деңгейдегі фильм түсіріледі. Бұл туралы режиссер Сергей Дворцевой Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Шытырман драма жанрындағы тарихи кинотуындыға шетел әртістері мен Қазақстанның кино жұлдыздары қатысады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, тарихи тұлғалардың образы да кинодан көрініс табады. Туындының негізгі бөліктері Түркістан қаласы мен Қарнақ ауылында түсіріледі. Ал, сценари әзірге құпия.

«Бұл өте үлкен жұмыс болмақ. Әлемнің бірнеше елінің өкілдері бас қосқан мега жобаға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кастинг Қазақстанда да өтеді. Өзім осы оңтүстікте туып өскен соң бұл тақырып мен үшін аса маңызды, жаныма жақын. Соңғы сегіз айдан бері тарихи фактілерді оқып, иран, қытай тілдерінде жазылған дүниелермен танысып жүрмін. Соны жинақтап, әлемді таң қалдыратын дүние шығаруға дайынмын. Бұл деңгейі мен сапасы бөлек, 2-3 жылда мұрағатқа кететін емес, жылдар бойы сақталатын өшпес туынды болады», – деді Сергей Дворцевой.

Өңір басшысы еліміздің кинематография саласын дамытуға үлесін қосып жүрген және оның әлемдік деңгейде танымал болуына қосқан үлесі үшін кинорежиссер Сергей Дворцевойға шынайы алғысын білдірді. Тарихты дәріптейтін бастамасына қолдау көрсетілетінін жеткізді.