Тергеу нұсқасына сәйкес, заңсыз схеманы іске асыру үшін үшінші тұлғалардың атына ресми түрде тіркелген 4 жеке кәсіпкерлік, «Нұр-Келес» ЖШС және «Бимен С.» ЖШС пайдаланылған. Бұл кәсіпкерлік нысандарын күдіктілер өздеріне берілген электрондық цифрлық қолтаңбалар, мөрлер және банк шоттарын басқаруға құқық беретін нотариалды сенімхаттар арқылы іс жүзінде бақылауда ұстаған.
— Аталған кәсіпкерлік нысандары арқылы ақпараттық жүйелерге ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алу мен олардың қолда бары, сондай-ақ асылдандыру жұмыстарының жүргізілгені туралы көрінеу жалған мәліметтер енгізілген. Кейін осы мәліметтердің негізінде субсидия алуға электрондық өтінімдер берілген. Бюджеттен алынған қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлінген және жеке мақсаттарына жұмсалған, — делінген хабарламада
Келтірілген залалдың жалпы көлемі — 103 млн теңге. Соның салдарынан адал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға және өңірдегі мал шаруашылығын дамытуға арналған бюджет қаражаты мақсатсыз жұмсалған.
Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне тыйым салынды. Олардың қатарында 2 тұрғын үй, 4 автокөлік, автотұрақ орны және жер телімі бар.
Күдіктілердің бірі қамауға алынды, екіншісіне кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.
Еске салайық, бұған дейін Ақмолада екі басшы мал деректерін жалған енгізіп, 50 млн теңгеден астам субсидия алғанын жазған едік.