2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Түркістанда 118 жекеменшік мектептің құрылыс шығынына 5,2 млрд теңге төленбеген

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында 2025 жылғы қыркүйек-желтоқсан айларында 118 жекеменшік мектепке құрылыс шығындарын өтеуге арналған А2 компоненті бойынша төлем жасалмаған. Бұл мәселе облыстық Кәсіпкерлер палатасында өткен жиында талқыланды.

Фото: Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы

Кездесуде жекеменшік мектептердің өкілдері 2025 жылдың соңғы төрт айына төленбей қалған қаражат мәселесін көтерді. Олардың айтуынша, төлемдердің кешігуіне байланысты мектеп құрылысына алған несиелері бойынша міндеттемелерін өтеуде қиындықтар туындаған.

Осы мәселеге қатысты Түркістан облысының білім басқармасы түсінік берді.

Ведомство мәліметінше, қазіргі таңда 2026 жылдың қаңтар-мамыр айлары бойынша жекеменшік мектептерге берешек жоқ. Ал 2025 жылғы қыркүйек-желтоқсан айларында А2 компоненті бойынша 118 жекеменшік мектепке төлемдер жүргізілмеген. Оның жалпы сомасы — 5,2 млрд теңге.

Фото: Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы

— Бұл жағдай E-Qazyna порталындағы қажетті ақпараттық жүйелердің уақтылы интеграцияланбауына байланысты туындаған. Қалыптасқан берешекті өтеудің құқықтық тетігін белгілеу мақсатында тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі қаралып жатыр, — делінген білім басқармасының жауабында.

Сонымен қатар, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Н. Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес, жекеменшік мектептердің А2/А3 компоненттері бойынша бұрын төленген қаражаттарға өңірлік комиссия талдау жүргізіп жатыр.

Фото: Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы

— Талдау жұмыстарының қорытындысы бойынша қалыптасқан жағдайды реттеу жөнінде тиісті ұсыныстар енгізіледі, — деп мәлімдеді ведомство.

Бұған дейін Түркістан облысында 5700-ден астам қызметкерге МӘМС жарналары төленбегені хабарланған болатын.