Түркістанда 26 жер учаскесі 83 млн теңгеге негізсіз сатып алынған

Фото: Алматы облысы әкімдігі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында жалған құжатпен 2 мың гектар жер рәсімделіп, мемлекетке 314 млн теңге залал келтірілді, жалпы құны 2 млрд теңгеден асатын жер мемлекетке қайтарылды. 

Облыстық прокуратураның мәліметінше, 2025 жылы тексеру барысында жер қатынастары саласында жер учаскелерін мемлекеттік меншіктен заңсыз шығару бойынша бірқатар заң бұзу анықталған.

— Сауран ауданында жалған құжат негізінде 2 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді рәсімдеу схемасы анықталды. Мемлекетке келтірілген залал көлемі — 314 млн теңге. Заң бұзғандардың үстінен ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар мемлекеттік меншіктен 1,4 гектар жер учаскесін заңсыз шығару фактісі тергеліп жатыр. Бұл учаске ауылдық округ әкімі қабылдаған жалған шешім негізінде 0,1 гектардан 14 бөлікке бөлініп, жеке тұлғаларға берілген, — делінген прокуратура ұсынған ақпаратта.

Прокурорлық қадағалау нәтижесінде жалпы құны 2 млрд теңгеден асатын жерлер мемлекеттік меншікке қайтарылған, оның ішінде аукцион өткізілместен шетелдік компанияға берілген 604,7 га жер (1,5 млрд теңге) де бар.

— Сондай-ақ Түркістан қаласы мен Сайрам ауданында жерді тиімсіз пайдалану және заңсыз шығару фактілері әшкереленді. Түркістанда 26 учаске 83 млн теңгеге негізсіз сатып алынса, мемлекеттік мұқтаждық үшін сатып алынған 30 учаскеге нарықтық бағадан артық сома төленген, — деп хабарлады ведомство.

Бұдан бұрын Павлодар облысының прокуратурасы 6,5 млрд теңгенің мүлкін мемлекетке қайтарғанын жазған едік