Түркістанда 68 жастағы алты дүркін әлем чемпионы тұрады

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Түркістандық Әбдісадық Халилаевты жерлестері «Әлем чемпионы» атап кеткен. Самбо күресінен қарсылас шақ келтірмейтін қария әлі күнге дейін жарыстарға қатысып, боз кілемде күреседі. Тіпті, ардагер спортшылар арасында өтетін әлемдік сайыстарда 5 дүркін чемпион болып, еліміздің абыройын асқақтатқан.

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Жасы жетпіске келген қарияның спортты жанына серік еткеніне 50 жылға жуық уақыт болды. Таңертең ертемен тұрып жүгіру күнделікті әдеті. Одан бөлек, жаттығу залдарына барып, денесін шынықтырып отырады. Жастармен бірге футбол, баскетбол, волейбол ойнайды. Күрестің тәсілдерін қайталап, тәжірибесін шыңдайды.

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ жұмыс істеймін. Оқу сауықтыру бөлімінің аға бапкерімін. Жастарға 5 күн бойы сабақ беремін. Әрі жастармен бірге өзімде жаттығамын» - дейді қария.

Өткен жылы Орал қаласында ұйымдастырылған ардагер спортшылар арасындағы әлем чемпионатының видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Онда Әбдісадық Халилаевтың қарсыласын алдап, шалып құлатқан әрекеті көпшілікті сүйсінтті. 18 елден келген 800-ден астам спортшы қатысқан сайыста түркістандық ақсақал 98 келі салмақта жарыс жеңімпазы атанды. 

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Өзім 92 келі салмақтамын. Қарсыласым 98 салмақтағы әлемнің 2 дүркін жеңімпазы болды. Ол маған дейін үш адамды жықты, мен Молдавия мен Қырғызстаннан келген спортшыны жеңген едім. Әр шыққан сайын қарсыласымның әрекетін бақылап отырдым. Күші де, салмағыда менен басым болды. Дегенмен, өзім дайындалған әдіспен 15 секундта таза жеңіске жеттім» - дейді ол. 

Әбдісадық Нұрлақұлы 2011 жылы Прагада, 2012 жылы Балгорияда, 2013 жылы Африкада, 2023 жылы Орал қаласында спорт шеберлері арасында өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанып, әлем чемпионы атағын алған. Сондай-ақ, самбо, дзюдо, қазақша күрестен спорт шебері, әрі самбодан халықаралық дәрежедегі төреші. Қазіргі кезде қария алдағы өтетін жарыстарға дайындалып жатыр. 

«Менің өзіндік тактикам бар. Сол әдіс-тәсілдерді қолдануға тырысамын. Спорт болған соң, барлығы дайындықпен келеді. Жалпы боз кілемде қиындықтарда кездесіп жатады. Жасым жетпіске келгенде маған салмақ қуу қиын. Қазір 92 салмақтамын, негізі 88-ге түсуім керек. Көп жағдайда салмағым жетпеген соң, өзімнен үлкендермен күресемін. Жарысқа мықтылардың мықтысы келеді. Сондықтан қол-аяғымды ауыртып алмайын деп уайымдаймын» - дейд спорт шебері.

Әбдісадық Халилаев 1980 жылы Мәскеуде өткен олимпиадаға жанкүйер болып қатысқан. Сол кезде туристтер арасында өткен жүгіру жарысынан 2-ші орынды иеленді. Одан кейінде ел ішіндегі көптеген жарыстардан алып келген жүлдесі көп. Сондай-ақ, спорт шеберінен тәлім алған шәкірттері де байрақты бәсекелерде көк туымызды көкке көтеріп, әнұранымызды шырқатып жүр. 

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ашылғалы бері еңбек етіп келемін. Жәй мұғалім болып қызметке орналасқан болатынмын. Қазір профессор атандым. Осы жылдар ішінде көптеген шәкірт тәрбиеледім. Домбай Базарбек, Кәмшат Ахметова, Ордабек Өсеров, Дархан Төрәділұлы, Гүлмира Ахметова, Нышанбай Құдайбергенов секілді шәкірттерім Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы болды. Ішінде Азия аумағында өткен жарыстарға да барып, жүлде алып келіп жатқандары бар» - дейді Әбдісадық Нұрлақұлы. 

Бүгінде 68 жасқа толып отырған қария 6 ұл-қызынан 18 немере сүйіп отыр. Баршаса әлем чемпионы атанған аталарымен мақтанады.