Түркістанда 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған азамат мас күйде көлік тізгіндеген

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістанда бірнеше жылға көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамай мас күйде рөлге отырған жүргізуші ұсталды.

Фото: Kazinform

Түркістан қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қызмет атқарып жүрген патрульдік полицейлер түнгі уақытта Жаңа қала шағынауданында күмәнді қозғалған «ВАЗ-2106» автокөлігін тоқтатты.

Тексеру кезінде жүргізушінің алкогольдік масаң күйде болуы мүмкін екені байқалып, ол медициналық куәландыруға жіберілді. Тексеру барысында 30 жастағы азаматтың көлікті мас күйде тізгіндегені белгілі болды.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жүргізуші 2021 жылы дәл осындай құқық бұзушылық жасағаны үшін сот шешімімен 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған.

– Жаза мерзімі аяқталмай тұрып қайтадан өрескел заң бұзған жүргізушіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады ведомство.

Еске салайық, маусым айында Түркістан облысы Арыс қаласында мас күйде көлік тізгіндеген әйел 3 адамның өмірін қиды.