Түркістанда басқарма басшысы қатысқан төбелестің видеосы тарады

Фото: Видеодан алынған скрин

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының қатысуымен болды делінген жанжалдың бейнежазбасы тарады. Жанжалға қатысушылар полицияға жүгінбегеніне қарамастан, олардың біреуіне ұсақ бұзақылық жасағаны үшін айыппұл салынды.

Бейнежазбадан бұл төбелеске бірнеше ер адамның қатысқанын байқауға болады. Онда жанжалға қатысушылардың бірі — мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы делінген азамат қарсыласының жағын сындырған.

Түркістан облысының әкімдігі бұл оқиға бойынша ішкі тексеру тағайындалғанын, алайда бейнежазбада ер адамның жеке басын және оның мемлекеттік қызметке қатысы бар екенін ресми растау әлі жоқ екенін мәлімдеді.

Анықталғаны, бұл кикілжің Түркістанда емес, Шымкентте болған. Оқиғаға қатысқандардың шағымы жоқтығына қарамастан, полицейлер бейнежазбаны тексеріп, әкімшілік іс қозғады.

— Жанжалдың бұрын таныс азаматтар арасында болғандығы анықталды. Оқиғаға қатысушылар бір-біріне шағым білдірген жоқ. Аталған факті бойынша қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік іс қозғалды. Материалдар сотқа жіберілді. Полиция азаматтарды қоғамдық орындарда мінез-құлық мәдениетін сақтауға және құқықтық алаң шеңберінде даулы жағдайларды шешуге шақырады, — деп хабарлады Шымкент қаласы Полиция департаменті.

Істі қарау туралы ақпаратты әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта растады. Сот ҚР ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі («ұсақ бұзақылық») бойынша азамат М.-ға қатысты материалдарды зерделеді.

— 22 қараша күні М. кешке Жандосов көшесінде орналасқан «Әулет» кафесінің жанында, яғни қоғамдық орында жанжал кезінде балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзды, — деп атап өтті сотта.

Отырыста ол кінәсін мойындап, қатаң жаза тағайындамауды өтінді.

— Сот белгіленген мән-жайларға сүйене отырып, кінәні мойындау, өкіну түріндегі жеңілдететін жайттарды және М.-ның осыған ұқсас бап бойынша бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын, сондай-ақ ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын назарға алды, — деп қосты сотта.

Нәтижесінде оған 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Астанада мас күйінде көлік жүргізген судьяның ісі Бас прокуратураға жолданғанын жазған едік.