Түркістанда білім инфрақұрылымы жаңартылып жатыр
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан қаласында білім беру саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Оқу сапасын арттырумен қатар, оқу орындарының инфрақұрылымын жаңарту, цифрландыру және заманауи білім кеңістігін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынған.
Қазіргі уақытта қала аумағындағы төрт мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл — қаланың білім беру әлеуетін арттыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы күрделі жөндеуден өтіп жатқан бірқатар білім беру ұйымдарын аралап, құрылыс-монтаж жұмыстарының барысымен танысты. Әкім сапа мен мерзімді басты назарға алып, жауапты мердігерлерге нақты тапсырмалар жүктеді.
Алдымен қала басшысы № 9 Некрасов атындағы жалпы орта мектепке барды. Бұл білім ордасында бүгінде 2700-ден астам оқушы білім алуда. Мектеп ғимараты ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеу көрмеген. Қазіргі таңда мекемеде құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Нысан толық жаңғыртылып, заманауи стандарттарға сәйкестендірілмек. Мектепке оқушылар мен ұстаздардың ыңғайлылығын қамтамасыз ететін жаңа есіктер мен терезелер, жарық әрі жылы сыныптар, заманауи санитарлық тораптар орнатылады.
Сонымен қатар, ғимарат ішіне STEM бағытындағы оқу кабинеттері, ІТ сыныптар, цифрлық лабораториялар мен робототехника кабинеттері енгізілмек. Мұндай заманауи оқу кеңістігі — балалардың шығармашылық және логикалық ойлау қабілетін дамытудың тиімді құралы саналады.
Одан кейін қала әкімі С. Ерубаев атындағы № 7 мектеп-интернаты мен № 31 Абай атындағы жалпы орта мектептегі құрылыс жұмыстарының барысын бақылады. Бұл нысандарда да күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, жылу жүйесі мен электр желілері жаңартылып, спорт зал, асхана және кітапхана бөлмелері заманауи үлгіде қайта жасақталады. Сонымен қатар, инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында мектептерге пандустар мен арнайы санитарлық тораптар орнатылып жатыр.
Нысандарды аралау барысында қала әкімі құрылыс сапасына ерекше тоқталды.
Мектеп — бұл жай ғана ғимарат емес. Ол — болашақтың іргетасы қаланатын орын. Сондықтан әрбір бөлшек маңызды. Сапасыз жұмысқа жол берілмейді. Құрылыстың қауіпсіздігі мен оқушылардың жайлылығы басты орында болуы тиіс, — деді Әзімбек Пазылбекұлы.
Ол жауапты құрылыс компанияларына нақты мерзімдер мен сапа көрсеткіштері бойынша талап қойып, жөндеу жұмыстары оқу жылы басталғанға дейін аяқталуы тиіс екенін ескертті. Сонымен қатар, мектептерде цифрлық жабдықтарды орнату, интерактивті тақталар мен смарт-сыныптармен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмады.
Қазіргі білім беру жүйесі тек дәстүрлі оқумен шектелмейді. Цифрлық технологиялардың дамуына байланысты мектептерде интерактивті құрылғылар, онлайн платформалар, электронды күнделік пен журналдар кеңінен қолданылып жатыр. Түркістан қаласында да бұл бағытта бірқатар бастама жүзеге асырылып келеді.
Жөндеуден кейін аталған мектептерге толықтай интернет желісі тартылып, жоғары жылдамдықты Wi-Fi орнатылады. Әр сынып заманауи смарт-панельдермен, цифрлық оқу құралдарымен жабдықталады. Бұған қоса, оқушылардың ІТ сауаттылығын арттыруға бағытталған бағдарламалау, графикалық дизайн, 3D-модельдеу сынды үйірмелер ашылмақ.
Бұл бастамалар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясындағы білім саласын цифрландыру жөніндегі тапсырмаларына толық сәйкес келеді. Білім саласын инновациялық бағытта дамыту — өңірдің әлеуметтік әлеуетін арттырып, жаңа буынның жаһандық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына жол ашады.
Жалпы, Түркістан қаласында 38 мектеп жұмыс істейді. Оның 33-і екі ауысымда, 5 мектеп бір ауысымда білім береді. Қазіргі уақытта 4 мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы жаңа оқу жылы қарсаңында аяқталып, оқушылар мен ұстаздар жаңа әрі жайлы ортада оқу жылын бастайды деп күтілуде.
Білім — кез келген мемлекеттің болашағын айқындайтын басты сала. Түркістан қаласы әкімдігі осы салаға ерекше назар аудара отырып, тек ғимараттарды жөндеумен шектелмей, оқу процесіне инновациялық әдістерді енгізуге де ұмтылып отыр. Қала басшылығының бұл бастамасы өңірдің білім сапасын арттырып қана қоймай, заманауи талаптарға бейімделген жас буынды тәрбиелеуге үлкен серпін берері сөзсіз.