Түркістанда бірыңғай дизайн-код енгізу жоспарланған

АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан қаласының бірыңғай сәулет-көркемдік келбетін қалыптастыруға бағытталған «Түркістан қаласының дизайн-кодын бекіту туралы» әкімдік қаулысының жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі .

Фото: Ақорда

Құжатты Түркістан қаласы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімінің мемлекеттік мекемесі әзірлеген. Жобаны талқылау 2026 жылғы 9 маусымға дейін жалғасады.

Жоба материалдарына сәйкес, дизайн-код қаланың сәулеттік келбетін жүйелеуге және қалалық ортаның сыртқы безендірілуіне бірыңғай талаптар белгілеуге бағытталған.

Атап айтқанда, құжат ғимараттардың қасбеттерін безендіру, сыртқы жарнамаларды орналастыру, абаттандыру элементтері мен шағын сәулет нысандарына қатысты тәсілдерді айқындайды. Сондай-ақ Түркістанның тарихи-мәдени ерекшеліктерін сақтау және оның туристік тартымдылығын арттыру көзделген.

Жоба қала аумағында бірыңғай сәулет-көркемдік келбетті қалыптастыруды мақсат етеді. Ол ғимарат қасбеттеріне, сыртқы жарнамаға және абаттандыру элементтеріне қойылатын талаптарды белгілейді.

Құжатты қабылдау қалалық ортаның эстетикалық сапасын арттырып, қала аумағында сәулет талаптарының бірізді қолданылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру 2026 жылдың екінші жартыжылдығынан басталады. Нәтижесінде қалалық инфрақұрылымның келбеті жақсарып, тұрғындар мен туристер үшін қолайлы орта қалыптасады деп күтіледі.

Бұған дейін Түркістанда Түркі өркениеті орталығы бой көтеретінін жазған болатынбыз.