Түркістанда Достық үйі салынып жатыр
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Алғыс айту күніне орай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестік басшылары Достық үйін салып жатқан құрылысшыларға құрмет көрсетті.
Достық үйінің құрылысы бүгінгі таңда қарқынды жүріп жатыр. Қазір алғашқы екі қабатының қабырғалары қаланып қойған. Нысан қазан айының соңында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Игі шара барысында құрылыс алаңында ақ дастархан жайылып, ас берілді. Бірлікке үндеген басқосуда Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев Алғыс айту күні мерекесінің елдігімізді нығайтуда маңызы зор екенін ерекше атап өтті.
Ал құрылысшылар өздерінің еңбектерін елеп-ескергені үшін этномәдени бірлестік өкілдеріне шынайы ризашылықтарын білдірді.
Жиын соңында бірқатар этномәдени бірлестіктердің жетекшілері ізгі тілектерін айтып, Жаңа Қазақстанды өркендетуге шақырды.