Түркістанда екінші рет бауыр трансплантациясы сәтті өтті

Фото: ҚР ДСМ

АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының базасында профессор, академик Болатбек Баймахановтың жетекшілігімен және А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының жоғары білікті мамандарының қатысуымен аймақтағы екінші бауыр трансплантациясы сәтті жүзеге асты. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі жариялады.

54 жастағы науқасқа бауыр циррозы, біріншілік билиарлық холангит, бауыр-жасушалық жеткіліксіздік, паренхиматозды сарғаю, өңеш веналарының варикозды кеңеюі, 2-3 сатылы бауыр энцефалопатиясы диагнозы қойылған.

Науқас бірнеше жылдан бері гастроэнтерологтың «Д» есебінде тұрады. Ауруы асцитпен, портальды гипертензиямен және спленомегалиямен асқынған. Ұзақ емдеу шараларына қарамастан, жағдайының нашарлай берді. Сондықтан оған бауыр трансплантациясы қажет болды.

Оған 24 жастағы ұлы өз еркімен донор болуға келісім беріп, толық медициналық тексеруден өтті. Абсолюттік қарсы көрсетілімдер анықталған жоқ.

— Операция А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургиялық орталығы және Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының бірлескен командасымен өткізілді, — делінген ақпаратта.

Қазіргі уақытта науқас дәрігерлердің динамикалық бақылауында. Отадан кейінгі кезең асқынусыз өтіп жатыр. Трансплантацияланған бауырдың қызметі біртіндеп тұрақталып келеді.

— Бұл — Түркістан облысында жасалған екінші бауыр трансплантациясы. Бұл маңызды оқиға өңірде трансплантология саласының дамуына жаңа серпін беріп, жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттырды, — деп жазды министрліктің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, қазір елде 4300-ден астам адам, оның ішінде 121 бала ағза трансплантациясын күтіп отыр.