Түркістанда электронды қызметке деген сұраныс артып келеді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Жыл басынан бері «E-Otinish» жүйесі арқылы облыс орталығында 3000 жуық өтінім қабылданған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында цифрлық технологиялардың ел өміріндегі рөлін ерекше атап өткен болатын. Президент: «Цифрландыру – жай сәнді үрдіс емес, бұл – мемлекет пен қоғамды жаңғыртудың басты тетігі. Әрбір азамат мемлекеттік қызметті жылдам, ашық және әділ алуы тиіс», – деген еді. Бұл тапсырма бүгінде бүкіл өңірлерде, соның ішінде Түркістан қаласында да жүйелі жүзеге асырылып келеді.
Бүгінгі таңда Түркістан қаласында тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді қолжетімді, ашық әрі сапалы ұсыну бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, цифрлық шешімдерді енгізу қарқыны артып, халықтың уақыты мен қаражатын үнемдеуге, артық құжат айналымын азайтуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге жол ашуда.
Жыл басынан бері «E-Otinish» жүйесі арқылы облыс орталығында 2 971 өтінім қабылданған. Оның ішінде 2 512-сі толық орындалды. Қатыстылығына қарай 385 өтінім тиісті мекемелерге жолданса, 74 өтініштің орындалу мерзімі жалғасуда. Бұл жүйенің басты артықшылығы – әрбір азаматтың өтінішінің онлайн тіркелуі және оның орындалу барысын қадағалау мүмкіндігі.
Азаматтарды қабылдау орталығы арқылы биылғы жылдың басынан бері 25 401 қызмет көрсетілді. Сонымен қатар, халыққа қызмет көрсету орталығының (ХҚКО) қызметкерлері арқылы 955 қызмет ұсынылды. Бұл орталықтарда тұрғындарға құжат рәсімдеу, анықтама алу, әлеуметтік төлемдерді тағайындау сынды түрлі қызметтер бір терезе қағидасымен көрсетіледі.
Қала әкімдігіне қарасты бөлімдер тарапынан осы кезеңде жалпы 30 435 мемлекеттік қызмет ұсынылған. Оның ішінде: «Egov» порталы арқылы – 11 304 қызмет, электронды форматта – 14 799 қызмет, тікелей қабылдау арқылы – 54 қызмет, ХҚКО арқылы – 4 261 қызмет, сондай-ақ баламалы түрде көрсетуге мүмкіндік бола тұра, тікелей форматта – 9 қызмет көрсетілген. Бұл сандар өңір тұрғындарының электронды қызметке деген сұранысы артып келе жатқанын айғақтайды.
Цифрландыру үдерісінің тиімділігін арттыру мақсатында облыста бірқатар жаңа жобалар да қолға алынған. Мысалы, мемлекеттік мекемелерде қызмет көрсету сапасын бағалау жүйесі енгізіліп, әр азамат өз пікірін онлайн қалдыра алады. Бұл өз кезегінде мекеме жұмысына тәуелсіз бақылау орнатуға және халықтың сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру – тек уақытты үнемдеу ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырудың маңызды жолы. Президент Жолдауында да бұл бағыт айқын көрсетілген. Цифрлық трансформация, жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізу, деректерді қорғау жүйесін жетілдіру – алдағы жылдардың негізгі міндеттері.
Түркістан қаласында атқарылып жатқан жұмыстар осы стратегиялық мақсаттармен толық үндеседі. Қызмет көрсету сапасын арттыру, тұрғындармен кері байланысты нығайту, әрбір өтініштің орындалуын қатаң бақылауда ұстау – әкімдік жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып отыр.
Жергілікті әкімдік пен тиісті мекемелер алдағы уақытта да мемлекеттік қызметтердің басым бөлігін электронды форматқа кезең-кезеңімен көшіруді жалғастырмақ. Сонымен қатар, цифрлық сауаттылықты арттыру бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Бұл мақсатта мектептерде, кітапханаларда, халыққа қызмет көрсету орталықтарында арнайы курстар мен кеңес беру алаңдары ұйымдастырылып келеді.
Цифрландыру қарқынының артуы – Түркістанды заманауи, ашық әрі тиімді басқару үлгісі бар өңірге айналдырудың маңызды кепілі. Бұл тек әкімдіктің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ мүддесі. Өйткені, әрбір тұрғын мемлекеттік қызметті ыңғайлы, жылдам және әділ түрде алуға құқылы. Ал осы құқықтың толық жүзеге асуы – цифрландырудың басты нәтижесі болмақ.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістанда ақылды аялдамалар салынатындығын жазған болатынбыз.