Бұл бастамаға «Тасбақа» табиғатты қорғау қоры ұйытқы болды. Қор директоры Юлия Цаугг бастаған қызметкерлер, сондай-ақ еріктілер мен инвесторлар қолдау көрсетіп, жалпы 50-ге жуық адам мен 7 техника жұмылдырылды.
Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің аға ғылыми қызметкері Ғани Назарбектің айтуынша, табиғат жанашырларының көмегімен 20-25 наурыз аралығында 3 мыңнан астам тасбақа қауіпсіз жерге көшірілген.
— Жаңадан игеріліп жатқан аумақтар бауырымен жорғалаушылар үшін қауіпті болуы мүмкін. Қазіргі уақытта еріктілер екі учаскеде жұмыс жүргізіп жатыр, ал алдағы уақытта тағы бірнеше учаскеде жалғасады. Бұл жұмыстар мамыр айының соңына дейін, ауа райына байланысты маусым айының ортасына дейін жалғасуы ықтимал. Күн қатты ысығанда тасбақалар келесі көктемге дейін ұйқыға кетеді. Сондықтан табиғатты қорғау және қоршаған ортаны сақтау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі, — деді ол.
Спикердің айтуынша, бұл бастамаға облыс, аудан әкімдіктері атсалысып, жұмысшылармен және техникалармен қамтамасыз етпек.
Сонымен қатар, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті де ғылыми жұмыстарға қолдау білдіріп отыр.
Бұдан бұрын Атырау облысында дала мысығы табиғи ортаға жіберілгенін жазған едік.