Түркістанда халық саны 42% өсті: Үш ауысымды мектеп мәселесі қалай шешіліп жатыр
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облыс орталығы атанғалы бері қаладағы халық саны 42% өсті. Туу көрсеткішімен қатар көшіп келушілердің есебінен тұрғындар саны күрт артты. Шаһар бұл жүктемеге қаншалықты төтеп берді?
Статистикаға сенсек, 2018 жылы Түркістанда халық саны 165 мың болған. Ал, биылғы 1 қыркүйекте 235 436 тұрғынға жетіп отыр. Бұл көрсеткіш халық санының 6 жылда 42 пайызға өскенін көрсетеді.
Жалпы, қалаға шетелден қоныс аударушылар да баршылық. Көші-қон полициясының мәліметінше, Өзбекстаннан 2020 жылы — 16 адам, 2021 жылы — 39 адам, 2022 жылы — 17 адам, 2023 жылы — 26 адам, ал биыл жылдың басынан бері — 11 адам көшіп келген.
Ал, содан кейінгі тізімде Ресей, Қырғызстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Түркия елдері тұр. Тіпті, Оңтүстік Кореядан келген бір адам Түркістанның тұрғыны атаныпты.
Әрине, халықтың көбеюі инфрақұрылымға үлкен күш түсіреді. Себебі, қала «сағыз» секілді созылмалы емес. Әрбір отбасына баспана, балаларға мектеп пен балабақша қажет. Бұл мәселе қалада шешімін қалай тауып жатыр?
Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев ұсынған ақпаратқа сүйенсек, қаланың бас жоспарында 2035 жылы Түркістанда халық саны 350 мыңға жетеді деп болжанған.
Соған дейін 40,1 мың оқушыға 28 мектеп, 10 қосымша құрылыс салу жоспарланған.
Қалада 17 денсаулық сақтау нысаны, сондай-ақ бір жедел жәрдем станциясы жұмыс істейді. Ондағы жалпы сыйымдылық — бір ауысымда 2600 адам.
Бас жоспардың бірінші кезеңінде 10 денсаулық сақтау объектісін тұрғызу ұсынылған.
Яғни, бір ауысымда 500 адам қабылдайтын қалалық емхана, қалалық балалар ауруханасының 190 төсектік емдеу корпусы, 600 төсектік психикалық денсаулық орталығы, симуляциялық орталық, бір ауысымда 300 адам қабылдайтын облыстық стоматология, сондай-ақ бір ауысымда 100 адам қабылдайтын емхана, 610 төсектік көпбейінді облыстық медицина орталығы, қан орталығы, 10 автокөлікке арналған облыстық жедел медициналық жәрдем стансасын салу жоспарланып отыр.
— Әзірге Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 16 515 азамат мұқтаж ретінде тіркеліп тұр. Оның ішінде әлеуметтік осал топ санатынан 6 463 адам, 4 858 бюджет қызметкері, 5 022 көпбалалы отбасы, 169 тұл жетім және жалғыз баспанасы апатты деп танылған 3 адам бар. Биыл қалада кезекте тұрған 222 отбасы арендалық баспанамен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда 260 пәтерлі 3 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып отыр, — дейді Мекенхан Қырықбаев.
Мектептер мен балабақша мәселесіне келетін болсақ, Түркістан қаласы облыс орталығы болмай тұрып та жыл санап халық саны тұрақты өсіп отырды. Ал, облыс орталығы болғаннан кейін басқа қалалардан көшіп келушілердің саны артты. Содан мектептердің үш ауысымға өткендері болды.
Халық жаңадан қоныстанып жатқан аумақтарға жаңа мектептер салынғанына қарамастан мектептерде орын тапшылығы бар. Соңғы жылдары Жаңа қала аумағында А.Байтұрсынов атындағы № 1 мектеп-лицей мен № 28 мектеп-лицей ашылды.
Қос мектепте де алғашқы жылдары бала саны аз болғанымен уақыт өте оқушысы ең көп мектептерге айналды.
— Мектептерде орын тапшылығы бар. Мәселе Түркістан қаласында салынған және салынатын «жайлы мектептер» арқылы да шешіледі деп отырмыз. Яғни, екі жылда Түркістан қаласында 11 100 оқушыға лайықталған 8 «жайлы мектеп» салу жоспарланған. Ал, балабақша бойынша ондай проблема жоқ. Қалада 21 мемлекеттік, 123 жекеменшік балабақша жұмыс істеп тұр. Онда 17 156 бала тәрбиеленіп жатыр, — дейді қала әкімінің орынбасары.
Бүгінде қалада 35 мектеп бар. Оның ішінде 32 мектеп балаларды екі ауысымда, 2 мектеп үш ауысымда оқытса, жаңадан ашылған № 32 жалпы орта мектеп бір ауысымда білім беріп жатыр.
Түркістан қалалық білім бөліне қарасты жалпы білім беретін мектептердің жобалық қуаты 26 198 оқушыға арналған. Ол білім мекемелерінде екі ауысымда 41 140 оқушы оқып жүр.
Дегенмен, халық тығыз орналасқан аумақтардағы мектептерде, яғни № 2 Хамза, № 14 Қазыбек би атындағы мектептерде оқушылар мектеп ғимаратының сыйымдылығына байланысты үш ауысымда оқытылуда.
Бұл орайда жеке кәсіпкерлердің де көмегі болды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жылына бірнеше мектеп ашылып, оқушылардың жеке мектептерге ауысуы есебінен біраз білім ордасы үш ауысымнан арылды.
Мысалы, қаладағы Бірлік секторында ашылған жекеменшік мектептерге Е.Иззатуллаев атындағы жалпы орта мектебінен 1200 оқушы ауыстырылып, мектеп қайтадан екі ауысыммен оқыта бастады.