Түркістанда қазақ-корей университеті ашылды

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Биыл осы университетте білім алуға Түркістан облысынан бөлек, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Қызылорда, Жамбыл және Қарағанды облыстарынан 400-ге жуық талапкер құжат тапсырған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттер және оларды шешу» атты Жолдауында еліміздің басты мақсаты – толыққанды цифрлық мемлекетке айналу екенін атап өткен болатын. Осы стратегиялық міндетті жүзеге асыру жолында Түркістан қаласында ІТ мамандарын даярлайтын «Woosong University Kazakhstan» жоғарғы оқу орны салтанатты түрде ашылды. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Корея Республикасының Қазақстандағы Елшісі Чжо Тэ Ик, «Woosong Education Foundation» білім беру қорының құрметті төрағасы және басқарма мүшесі Ким Сон Кёнг арнайы қатысып, көпшілікті университеттің ашылуымен құттықтады. 

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ел дамуында маңызды рөл атқаратын игі істің жүзеге асуына атсалысқан барша серіктестерге алғыс білдірді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Нәтижесінде, 1,5 жыл бұрын Түркістан облысы әкімдігі мен Корея Республикасының «Woosong» білім беру қоры арасында жаңа университет ашу бойынша меморандумға қол қойылды. Ал, бүгінгі сәт – жаңа оқу орнының ашылуы ғана емес, халықаралық серіктестікке негізделген сапалы білім берудің бетбұрыс кезеңі. Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттер және оларды шешу» атты биылғы Жолдауында аталғандай, еліміз толыққанды цифрлық мемлекетке айналуды көздеп отыр. Түркістанда ашылып отырған шетелдік университет дәл осы Президентіміз белгілеген стратегиялық бағыттың нақты іске асуының айқын дәлелі. Ерекше мәртебеге ие болған қасиетті Түркістанды білім мен ғылымның орталығына айналдыру – мемлекетіміздің басты мақсатының бірі. Бүгінгі салтанатты іс-шара – сол мақсаттың айқын дәлелі. Студенттерге ғылыммен айналысып, жаңа идеяларды жүзеге асыруға барлық мүмкіндіктер ашылды. Баршаңызды «Woosong University Kazakhstan» университетінің ресми ашылу салтанатымен құттықтаймын! – деген Нұралхан Оралбайұлы оқу ордасынан білікті мамандар шығатынына сенім білдірді.

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Қатысушылар универсиетті аралап, оқу бөлмелерімен танысты. Мұнда студенттерге барлық жағдай жасалған. 

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Түркістан облысы әкімдігі әрдайым жастарды қолдауға, сапалы білім мен ғылымға баса назар аударып келеді. Осы мақсатта облыс әкімдігі тарапынан университетке 100 грант бөлініп, олардың басым бөлігі өңір жастарына берілді. Бұл білім ордасының 2000 студентке дейін қабылдауға мүмкіндігі бар. Биыл осы университетте білім алуға Түркістан облысынан бөлек Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Қызылорда, Жамбыл және Қарағанды облыстарынан 400-ге жуық талапкер құжат тапсырған.

Түркістанда бой көтерген бұл университет аймақтың білім беру әлеуетін арттырумен қатар, өңірдің цифрлық трансформациясына серпін береді. Болашақ ІТ мамандары мен жас ғалымдардың тың идеялары қаладағы «ақылды қала» жобаларын дамытуға, инновациялық инфрақұрылымды нығайтуға тікелей үлес қоспақ.

Түркістанды заманауи технология мен білімнің тоғысқан орталығына айналдыру – бүгінде нақты қадамдармен жүзеге асып келе жатқан басты мақсаттардың бірі.

Түркістандағы білім саласын цифрландыру жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын жазған болатынбыз.