Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде ұйымдастырылған көрмеде азық-түлік, жеңіл және тоқыма өнеркәсібі өнімдері, жиһаз, құрылыс материалдары, ауыл шаруашылығы тауарлары, қолөнер бұйымдары, сондай-ақ заманауи технологиялық өнімдер мен өндірістік жабдықтар қойылды.
Шараның басты ерекшелігі — көрменің тек өнім таныстыру алаңымен шектелмеуі. Кәсіпкерлерге сауда желілерімен, дистрибьюторлармен, қаржы және логистика ұйымдарымен, инвесторлармен және шетелдік серіктестермен іскерлік байланыс орнатуға мүмкіндік беретін арнайы алаң жасақталған.
Көрме аясында «Халыққа арналған үздік тауарлар», «Өндірістік бағыттағы үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталып, марапатталды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңір экономикасындағы өндіріс пен кәсіпкерліктің маңызына тоқталып, жергілікті тауар өндірушілердің еңбегін атап өтті.
— Мемлекет басшысы «Қазақстанда жасалған» таңбасы сапа мен бәсекеге қабілеттіліктің белгісіне айналуы тиіс екенін атап өткен болатын. Осы бағытта өңірде шикізатты терең өңдеуге және жаңа өндірістер ашуға басымдық беріп отырмыз. Қазір көкөніс, сүт өнімдерін, балалар тағамын және басқа да тауарларды өндіруге бағытталған 40 инвестициялық ұсыныс әзірленді. Жергілікті тауар өндірушілердің 400-ден астам өнімін қамтитын каталог та жасалды, — деді Нұралхан Көшеров.
Әкімнің айтуынша, бүгінде облыста 200 мыңға жуық орта және ірі кәсіпкерлік субъектісі бар. Олар биылғы сегіз айда 1,2 трлн теңгенің өнімін өндірген.
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев отандық өндірушілерді қолдау және олардың өнімдерін өткізу мүмкіндіктерін кеңейту қажеттігін жеткізді.
— Кәсіпкер үшін өнім өндіру — жұмыстың бір бөлігі ғана. Ең маңыздысы — сапалы тауарды нарыққа шығару, тұрақты сатып алушы табу және жаңа өткізу арналарына жол ашу. Бүгінгі көрме осы мүмкіндіктерді бір алаңда тоғыстырып отыр. Түркістан облысында өндірістік әлеует те, кәсіпкерлік белсенділік те жоғары. Ендігі міндет — осы әлеуетті нақты нарықтық нәтижеге айналдыру, жергілікті өнімнің сауда желілеріне және экспорттық нарықтарға шығуын кеңейту, — деді Қанат Шарлапаев.
Көрме экспозициясында ерекше назарға іліккен жобалардың бірі — капсулалы үйлер. Жоба облыс әкімдігінің қолдауымен шағын өндірістік парк аумағында жүзеге асырылып жатыр. Өндірісте қолданылатын материалдардың басым бөлігі — отандық өнім.
— Болашақта екі қабатты және басқа да жаңа үлгідегі капсулалы үйлер шығаруды жоспарлап отырмыз. Бір капсуланың бағасы 8-9 млн теңгеден басталады. Өндірістің жылдық қуаты — 200 данаға дейін. Тапсырыс берушінің қажеттілігіне қарай үйлердің жобасын бейімдеуге болады, — деді «BNK Group Ltd» ЖШС бас директоры Ниязәлі Бейсенбаев.
Көрме экспозициясында ауыл шаруашылығына арналған агродрондар да таныстырылды. Жақында «Avatar Agricultural Technology Development» серіктестігі осы бағыттағы зауытын іске қосты. Кәсіпорын жылына 500 дана техника өндіруге қауқарлы.
— Агродрондар ауыл шаруашылығы дақылдарын бүрку жұмыстарына арналған. Бір аппарат 70 литрге дейін жұмыс сұйықтығын көтеріп, 5 гектарға дейінгі егіс алқабын өңдеуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта өнім түрлерін кеңейтіп, басқа да салаларға арналған ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығаруды жоспарлап отырмыз, — деді компания өкілі Нұржан Қайсар.
Көрме бағдарламасы аясында «MADE IN TURKISTAN: EXPORT FORUM 2026» экспорттық форумы да өтеді. Онда отандық өнімді экспортқа шығару, қаржыландыру, халықаралық стандарттар мен сертификаттау, логистика, сауда желілері мен маркетплейстерге шығу мәселелері талқыланады.
Форумға мемлекеттік органдардың, даму институттарының, қаржы ұйымдарының, сауда желілерінің және бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысып, кәсіпкерлердің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту жолдарын қарастырады.
Көрменің іскерлік бағдарламасындағы маңызды бағыттардың бірі — B2B келіссөздер. Кәсіпкерлер Қазақстанның сауда желілерімен, гипермаркеттермен, көтерме сауда компанияларымен, дистрибьюторлармен, маркетплейстермен және өзге де әлеуетті сатып алушылармен тікелей келіссөздер жүргізеді.
Сонымен қатар Өзбекстан, Қырғызстан және Қытайдан келген шетелдік серіктестермен іскерлік байланыс орнатуға мүмкіндік қарастырылған. Екі күн ішінде жаңа серіктестік байланыстар орнату, өнімдерді сауда желілеріне енгізу, дистрибьюторлармен келісім жасау және экспорттық нарықтарға шығу бағытында келіссөздер жүргізіледі.
Ертең көрме бағдарламасы «BusinessGO» цифрлық платформасы бойынша кәсіпкерлермен кездесумен жалғасады. Кездесуде кәсіпкерлік қызметті цифрландыру, онлайн-касса, тауар есебі, фискалдық талаптарды сақтау және бизнестің күнделікті жұмысын жеңілдететін цифрлық құралдар таныстырылады.
Сондай-ақ «ATAMEKEN FAIR» экспозицияларының жұмысы жалғасып, шара қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдар мен бірқатар келісімдерге қол қою жоспарланған.
Бұған дейін отандық өндірушілерді қолдау шаралары және кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау тетіктері туралы жазған едік.