Түркістанда Қызыл кітапқа енген екі арқарды заңсыз аулағандар ұсталды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысындағы Қаратау мемлекеттік табиғи қорығында Қызыл кітапқа енген арқарларды заңсыз аулау дерегі тіркелді. Қорық инспекторлары екі тұрғынды ұстаған.

Фото: Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы

Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы — Қазақстандағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың бірі. Жалпы аумағы 34 300 гектарды қамтитын қорық 2004 жылы құрылған.

Қорық мәліметінше, жыл басынан бері табиғат қорғау заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында 103 рейд өткізілген. Нәтижесінде бір браконьерлік дерек анықталып, қылмыстық іс қозғалған.

Кезекті рейд барысында мемлекеттік инспекторлар қорық аумағында заңсыз аң аулаған Кентау қаласы Байылдыр ауылының екі тұрғынын ұстаған.

Тексеру барысында олардан 2 жылқы, Қаратау арқарының 2 басы, 2 терісі, 8 сирағы, сондай-ақ 3 бас аң еті заттай айғақ ретінде тәркіленді. Барлық заттай айғақ Кентау қалалық полиция бөліміне тапсырылып, кейін Қызылорда облысы бойынша Сот сараптамалары институтына жолданды.

— Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Алдын ала есеп бойынша Қызыл кітапқа енгізілген бір арқар үшін есептелетін залал шамамен 19-20 млн теңге. Қолданыстағы есептеу тәртібіне сәйкес, бір бас арқарға 1500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) белгіленген. Ал құқық бұзу қорық аумағында жасалғандықтан, оған 3 коэффициент қолданылады, — деді қорықтың табиғи кешендер мен объектілерді күзету бөлімінің бастығы Үсен Жапаров баспасөз мәслихатында.

Алдын ала есеп бойынша залал көлемі екі арқар үшін 38 млн 925 мың теңге деп бағаланды.

Сонымен қатар жыл басынан бері қорық аумағына рұқсатсыз кіргені үшін 9 құқық бұзу дерегі анықталды. Нәтижесінде 9 жеке тұлғаға жалпы 97 312,5 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Бұған дейін Түркістан облысында тауешкінің лағын таяқпен ұрып жатқан видео тарағанын жазған едік