Түркістанда қоғамдық орындарды ластағандарға 210 млн теңгеге жуық айыппұл салынды

Фото: DW

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Биыл жыл басынан бері Түркістан қаласында 106 931 құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде қоғамдық тәртіпке қатысты 26 192, жол қозғалысы ережелеріне байланысты 80 739 жағдай тіркелген.

Түркістан қаласы полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы А.Сапарбековтің мәліметінше, шаһарда жыл басынан бері құқық бұзушылықтар бойынша жалпы 1 млрд 412 млн 677 мың теңге айыппұл салынып, оның 87,7% өндірілген. Ал 2024 жылдың осы кезеңіндегі айыппұл сомасы — 644 млн. 313 мың теңге болса, өндірілгені — 63,7%.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда облыс орталығында қоғамдық орындардағы тазалық бойынша құқық бұзушылықтың көбейгені байқалады. Бұл ретте былтыр 10 396 құқықбұзушылық тіркелсе, биылғы көрсеткіш — 14 150.

— Құқықбұзушылықтар негізінен халық көп жиналатын аумақтарда тіркеледі. Орталық саябақтар, жаңа тұрғын үйлер аумағы, құрылыс алаңдары, сондай-ақ қала шетіндегі аулааралық көшелерде тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын тастау жиі кездеседі. Белгіленбеген жерлерге құрылыс қалдықтарын төгу деректері әсіресе жаңа құрылыстар қарқынды жүріп жатқан аймақтарда анықталып жатыр. Жыл басынан бері қалада қоғамдық орындарды ластаған 6554 құқық бұзушыға 209 млн 889 мың теңге және абаттандыру қағидасын бұзған 3392 құқық бұзушылық бойынша 10 млн 478 мың теңге айыппұл салынған. Ал жол жабындысын бүлдірген 4204 құқық бұзушы анықталып, оларға 17 млн 396 мың теңге айыппұл салынды, — делінген Түркістан қаласы полиция басқармасы ұсынған ақпаратта.

Сондай-ақ айыппұлдарды өндіру бойынша жеке сот орындаушыларына 14 963 хаттама жолданып, жұмыс орындары арқылы 71 қаулыны орындау назарға алынған. Айыптұраққа 2965 автокөлік қойылып, өндірілмеген айыппұлдармен жұмыс жүргізіліп жатыр.

Бұдан бұрын елімізде қанша бейнебақылау камерасы іске қосылғанын жазған едік.