Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қарағанда, Бәйдібек аудандық полиция бөліміне Алматы қаласының тұрғынынан арыз түскен.
Онда Бәйдібек ауданына Қытайдан келген таныстарымен бірге барған кезде 34 жастағы шетелдік әйел адамға қатысты еркінен тыс жыныстық сипаттағы әрекет жасалғаны айтылған. Арызда аталған оқиғаға аудандық мәслихат депутаты Ерғали Аманбаевтың қатысы бары көрсетілген.
Оқиғаға байланысты Түркістан облысы полиция департаменті ресми түсініктеме берді.
— Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті ретінде Шымкент қаласының тұрғыны анықталып, қамауға алынды, — деп хабарлады ведомстводан.
Полицияның мәліметінше, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейтіні хабарланды.
Еске сала кетейік, Ерғали Аманбаев 2025 жылы Шымкентте жол ережесін өрескел бұзғаны үшін сот шешімімен бір жылға жүргізуші куәлігінен айырылған болатын.