Түркістанда мүгедектігі бар азаматтарға қолжетімсіз 19 нысан анықталды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Бүгінде Түркістан облысында 104 200 мүгедектігі бар адам тіркелген. Бұл — өңір халқының 4,8 пайызы және республикадағы мүгедектігі бар азаматтардың 13,7%-ы.

Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Олардың 15 513-і, яғни 14,9 пайызы — мүгедектігі бар балалар. Ал 88 165 адам немесе 85 пайызы — 18 жастан асқан ересектер.

Биыл қанша адамға алғаш рет мүгедектік белгіленді

2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында 22 554 азамат медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтті. Оның ішінде 4500 адамға алғаш рет мүгедектік белгіленді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 4504 көрсеткішпен шамалас.

— Ересектер арасында алғаш рет мүгедектік белгіленген азаматтардың ең көбі, яғни 30 пайызына қан айналымы жүйесінің аурулары себеп болған. Одан кейін қатерлі ісіктер — 17,4 пайыз, сүйек-бұлшықет жүйесінің аурулары — 9,1 пайыз, — деді Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Марат Архаров.

Ал мүгедектігі бар балалар арасында жүйке жүйесінің аурулары басым — 27,1 пайыз. Туа біткен даму аномалияларының үлесі — 20,9 пайыз, психикалық және мінез-құлық бұзылыстары — 19,7 пайыз.

14 мыңға жуық азамат қайта куәландырылды

Сондай-ақ жыл басынан бері 17 866 азамат қайта куәландырудан өтті. Нәтижесінде олардың 13 991-і мүгедектігі бар адам ретінде танылды. Былтыр осы кезеңде 17 394 адам қайта куәландырылып, 13 801 азаматқа мүгедектік белгіленген.

Мүгедектікті сырттай белгілеу және қайта куәландыру бойынша да цифрлық қызметтер көрсетіліп келеді. Биыл 9990 азамат сырттай куәландырылды.

54 тексеру жүргізіліп, 4 млн теңгеге жуық айыппұл салынды

Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау және нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 54 тексеру жүргізілді.

Оның 26-сы профилактикалық бақылау, 27-сі жоспардан тыс тексеру болса, бір нысан облыстық, қалалық және аудандық прокуратуралардың ұсынуы негізінде тексерілді.

— Тексеру қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жою жөнінде 51 нұсқама берілді. Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 83-бабына сәйкес 19 нысанға жалпы сомасы 3 млн 979 мың теңге айыппұл салынып, толық өндірілді, — деді Марат Архаров.

Жаңа нысандардың қолжетімділігі қалай бақыланады

Мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта қалыптастыру бағытында биыл жаңа талаптар енгізілді.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Құрылыс кодексіне сәйкес, Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне жаңадан пайдалануға берілетін нысандардың қолжетімділік талаптарына сәйкестігі туралы декларацияларды келісу функциясы берілді.

— Осыған байланысты департаментке 22 өтініш түсті. Оның ішінде үш ғимарат бойынша декларация келісілді. Бір өтініш иесінің өзі кері қайтарып алды. Бес нысанға мұндай келісім талап етілмейді. Тағы сегіз нысан бойынша құжаттар қаралып жатыр. Бес нысан бойынша келісім беруден бас тартылды, — деп мәлімдеді ведомство.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік қызметкерлердің аутизмі бар балалардың отбасыларымен қалай жұмыс істейтіні туралы жазған едік.